Ақтөбе облысында жаңа су құбыры салынады

  • 5
  • 05.08.2026, 19:35

Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жерасты сулары кен орнынан топтық су құбыры тартылады. Бұл мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінген. Жоба Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағынаудандарын ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір мұнда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан кен орнында 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылым салынады.

Құрылыс биыл басталады. Барланған су қоры өңірді 30 жыл бойы тіршілік нәрімен тұрақты қамтамасыз етуге жеткілікті. Кейінгі 2 жылда Үкімет қайтарылған активтер қаражаты есебінен 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды көздеген. Оның басым бөлігі пайдалануға берілді.

Арысұлан Айтбаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқарма басшысы:

- Жобаны іске асыруға арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады. Жоба іске қосылғаннан кейін Ақтөбе қаласына тәулігіне қосымша 25 мың текше метр ауызсу беріледі. Соның арқасында қаладағы су көздеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік туады.