Петропавл қаласында Есіл өзенінің бойындағы биік жарлар нығайтыла бастады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінген. Жоба бойынша мамандар опырылып кеткен еңіс жерлерді топырақпен толтырып, темір және бетон материалдармен күшейтпек. Сонымен қатар тұрғындарға демалыс алаңдарын салып, айналасын абаттандырады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Петропавлда Есіл өзенінің бойындағы биік жарлар жыл сайын опырылып, бұзылып жатыр. Қазір қауіпті аумақ қоршауға алынған. Ал биыл оны нығайту жұмыстары басталды.
Жеңіс саябағындағы биік жардың үстінен Есіл өзені ерекше көрінеді. Бірақ оның жиегі адамдарға қауіп төндіріп тұр. Оны осында келіп серуендейтін тұрғындар да көріп жүр.
Татьяна Павелева, қала тұрғыны:
- Мен Жеңіс саябағына бірнеше жылдан бері келіп серуендеймін. Жардың жиегі бұзылып барады. Қазір тіпті тас төсеніштеріне дейін жақындап қалды. Сондықтан оның сақталып қалғанын қалаймыз.
Осыған байланысты жардың жиегін нығайту жобасы қолға алынды. Қазір мамандар опырылып қалған еңіс жерлерді қалпына келтіріп, темір және бетон материалдармен күшейтіп жатыр. Бұл мақсатқа 658 млн теңге қарастырылған.
Бердімұрат Баймұқан, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі уақытта енді мердігер Есіл өзенінің бойындағы опырылған және топырағы сырғыған бөліктерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Ол үшін темір шпунттар, швиллерлер, геотор, темір қалған сияқты материалдар қолданылады. Кейін осы жерлер қайта топырақпен толтырылатын болады.
Жардың жиегін су шайып кетпес үшін ашық суағар салынып, кәріздік сорғы станциясы іске қосылды. «Сонымен қатар Жеңіс саябағының Есілге шығатын жағалауы абаттандырылып, демалыс алаңдары бой көтереді», - дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков