Алматыда алдағы Құрылтай сайлауына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Дауыс беру күні қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл туралы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова айтты.
Алматыда 1 миллион 329 мың адам дауыс беру құқына ие. 7-ші тамыздан бастап азаматтар сайлаушылар тізімімен таныса алады. Сол күні аумақтық сайлау комиссиясының қызметкерлері сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету жұмыстарын бастайды.
Айгүл Қалықованың айтуынша, маңызды науқанды бақылау үшін аккредиттелген 13 ұйым өз өкілдерін сайлау учаскелеріне жібереді.
Айгүл Қалықова, Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде саяси партиялардың сенімді өкілдері бола алады. Қазір оларды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Саяси партиялар бізге өтініштері мен сенімді өкілдерінің тізімін ұсынады. Аумақтық сайлау комиссиясы сол құжаттардың негізінде оларды тіркейді. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша әртүрлі саяси партиялардан 500-ге жуық сенімді өкіл тіркелді.