Испаниялық отбасы автоүймен Қазақстанды аралап жүр

  • 6
  • 06.08.2026, 19:52

Испаниялық отбасы саяхаттауға арналған көлікпен Қазақстанға келді. Ерлі-зайыптылар 2022 жылы өздерінің тұрақты баспанасына айналған көлігімен әлемді аралауға шыққан. Содан бері талай елде болып, әр түрлі мәдениетпен танысыпты. Қытайда 2 ай болған туристер енді Қазақстанға келді. Бұған дейін Алматы мен Таразға аялдаған. Қазір Түркістанда жүр.  

Испаниялық отбасы 4 жылдан бері осы көліктің ішінде тұрады. Осыдан 5 ай бұрын Испаниядан шыққан олар 13 мың шақырымды артқа тастап, Қазақстанға алғаш рет келуі. Қазір Виктор Энкаблдың автоүйі Түркістандағы көшелердің бірінде тұр. Автоүймен саяхаттаған 4 жыл ішінде ерлі-зайыптылар әлемнің 40-қа жуық елінде болған. Олардың 10 жасар қызы Эволет те ата-анасымен бірге саяхаттап жүр. Ұзақ жолда оларға төрт аяқты досы - Синни серік болуда. Саяхатшылардың айтуынша, жергілікті халықтың қонақжайлылығы оларға ерекше әсер қалдырған.

Виктор Энкабл, саяхатшы /Испания/:

- Біз қазақстандықтардың қаншалықты ашық әрі мейірімді екенін бірден сезіндік. Түркістан қаласы да бізді жылы қабылдады. Сәулеттік ерекшелігі мен тарихи тұтастығы бар өте әдемі қала екен. Біз мұнда уақытымызды өте жақсы өткіздік. Біз бұған дейін Қазақстанның Алматы мен Тараз қалаларында болдық. Енді басқа қалаларына баруды жоспарлап отырмыз.

Шағын автоүйдің ішінде күнделікті тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Жайлы төсек-орын, ас үй, тоңазытқыш, жуыну бөлмесі, тіпті әжетханаға дейін қарастырылған. Ерлі-зайыптылар саяхат кезінде 100 литрлік су қоры күнделікті қажеттіліктеріне толық жететінін айтады. Сондай-ақ олар қыздарының білім алуына қатысты жауапкершілікті де толығымен өз мойындарына алған.

Шамали Родригес, саяхатшы /Испания/:

- Біз жылдар бойы саяхаттап жүріп, осындай өмір салтына әбден үйреніп алдық. Әр күніміз әр түрлі өтеді. Жолымызда қиындық та, қызықты сәттер де көп болады. Ең бастысы біз біргеміз. Әр күн сайын жаңа бір қаланы аралап, түрлі сезімге бөленеміз. Әр елдің мәдениетімен танысып, сол ортаның ерекше әсерін сезінуге тырысамыз. Біз мұнда ұлттық тағамдардан дәм таттық. Маған әсіресе құрт ұнады - оның дәмі ерекше. Бірақ сіздерде күн өте ыстық екен.

Испандық саяхатшылар Түркістаннан кейін Қызылордаға барады. Олар жолға шықпас бұрын домбыра сатып алыпты. Енді қазақтың ұлттық аспабы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған естелік заттардың қатарында тұрады.

 Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов