Елдің оңтүстігінде ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді. Осыған орай өңірде республикалық акция басталды. Патрульдік полиция мен көлік инспекциясының мамандары жүргізушілермен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, шамадан тыс жүк тиеу – асфальттың бүлініп, шұңқырлардың пайда болуына себеп. Жыл басынан бері Түркістан облысында артық жүк тиеудің 70 дерегі тіркелген.
Түлкібас ауданының Шұқырбұлақ ауылында жүк көліктерінің ең қарқынды қозғалысы тіркеледі. Бүгінгі рейдтің негізгі мақсаты – ауыр жүк көліктерінің салмақ талаптарына сәйкестігін тексеру.
Рауан Қалшораев, облыстық ПД Патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:
- Қазақстан Республикасы аумағында бір ай мерзімде өтетін «Назар аударыңыз! Ауыр салмақты және ірі габаритті автокөлік құралы» атты акциясы өтуде. Транспорттық бақылаумен бірге жұмыс атқарып жатырмыз. Мен жүк автокөліктерінің иелеріне заңды бұзбай, заң аясында жүкті артып жүруін сұраймын. Жолда қауіпсіздікті сақтап, байқап жүріңіздер!
Рейд барысында мамандар жүк көліктерін мұқият тексереді. Алдымен жүргізушінің құжаттары мен тиелген жүк қаралады. Одан кейін көлік жылжымалы таразыға бағытталады. Мамандардың айтуынша, тасжолдардағы ойықтар мен шұңқырлардың негізгі себептерінің бірі – шамадан тыс жүк тиелген көліктер. Бұл жолдармен күн сайын жүздеген жүк көлігі қатынайды. Алайда олардың бәрі бірдей белгіленген салмақ талаптарын сақтай бермейді.
Марден Тоғызбаев, облыстық көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Ауыр салмақты жүк актокөлік құралын тоқтатқаннан кейін бірінші сол жүкке өзінің арнайы құжаттары болуы керек, сол құжаттары тексеріледі және оны өзімізде мына жылжымалы бекеттің жылжымалы таразысы бар, сол таразыға қойып, көліктің бақылауын жүргізеді. Жыл басынан бері бізде осы ауыр салмақты көліктеріне 72 әкімшілік хаттама рәсімделді, сонымен қатар осы акция негізінде 12 автокөлік құралдарына айыппұл салынды.
Көп тонналы көліктерді бақылау тек рейдтермен шектелмейді. Инспекторларға заманауи технологиялар да көмектеседі. Түркістан облысының жолдарында алты автоматтандырылған салмақ өлшеу кешені жұмыс істейді. Олар көліктің салмағын қозғалыс үстінде анықтап, салмақ талаптарын бұзғандарды автоматты түрде тіркейді. Бұл бағытта көршілес өңірлер де осындай жүйелерді енгізіп жатыр.
Шымкентте бүгінде үш автоматтандырылған салмақ өлшеу кешені жұмыс істейді, жыл соңына дейін олардың санын екі есеге арттыру жоспарланған. Сонымен қатар жазда ауыр жүк көліктеріне маусымдық шектеу енгізіледі. Ауа температурасы көтерілген кезде олар таңғы сағат 10-нан кешкі 22-ге дейін жолға шыға алмайды. Бұл ыстықтан қызған асфальттың бүлінуіне жол бермеу үшін қабылданған шара.
Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов