«Байтақ» партиясының өкілдері Алматы қаласындағы жылу электр орталығында болды. Кездесуге 200-ден астам маман қатысты. Онда «жасылдар» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, саяси ұйым жұмысының басым бағыттары баяндалды. Сондай-ақ жұмыскерлерді толғандырған сұрақтарға сол жерде жауап берілді. Кездесуде қоршаған ортаны қорғау мен оны сақтау ғана емес, қоғамдық көлікті дамыту және коммуналдық қызметтердің қала экожүйедегі рөлі кеңінен талқыланды.
Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындармен тікелей диалог орнату өзекті мәселелерді анықтап, әр азаматтың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Алма Қараш, «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- «Байтақ» партиясы 2023 жылдан бері Алматыда қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда біздің партияның 8 мыңнан астам белсенді мүшесі бар. Біз жылдам нәтиже немесе қысқамерзімді тиімділікке ұмтылмаймыз. Қолға алынған әр іс болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсе дейміз. Сондықтан ұзақ мерзімді мақсаттар туралы ой қозғадық. Ал оған жетудің жолын дәл бүгіннен бастау қажет.