Елімізде 70 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізілді

  • 5
  • 07.08.2026, 19:42

Қайта жаңартылғаннан кейін су жаңа кейіпке енген нысандар қазір халыққа қызмет етіп тұр. Жөнделген нысандардың ең көбі Ақмола облысында. 

Аталған аймақта 12 вокзал жаңғыртылды. Қарағанды облысында да 11 нысан қалыпқа келтірілген. Жалпы жөндеу жұмыстары еліміздің барлық аймақтарындағы теміржол вокзалдарын қамтыды. Олардың бәрінде шатыры мен қасбеттері ауыстырылып, инженерлік инфрақұрылымдары жаңартылған. Аулалары да толық абаттандырылды. Қысқасы, жолаушыларға барлық жағдай жасалған. «Кейбір станцияларда, тіпті ескі ғимараттар бұзылып, орнына жаңасы салынды», - дейді жауаптылар. Жалпы елде 124 вокзал жөнделуі тиіс.

Нұржан Келбуғанов, ҚР Көлік министрлігінің комитет төрағасы:

- Жалпы 124 вокзалды алдын ала тексеріп шыққан кезде 37 вокзалды әрі қарай қолданысқа беруге болмайтыны анықталды. Сондықтан сол 37 вокзал толықтай бұзылып, олардың орнына жаңа вокзалдар салынды. Кейбір вокзалдар тіпті 1890 жылы салынған екен. Мысалы, Қызылорда облысындағы Сексеуіл, Шиелі, Қазалы сияқты вокзалдардың тарихи маңызы бар. Олар 100 жылдан асқан вокзалдар болып шықты. Олардың барлығы бұзылып, қайтадан салынды.

Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі: 

- Теміржол вокзалы – тек пойызға мініп-түсетін орын ғана емес, бүгінде ол қаланың сәулетіне сән беріп, елді мекеннің кіреберіс қақпасына айналған маңызды нысан. Сондықтан оларды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Мұндай ауқымды бағдарлама бұрын-соңды болған емес.