Құрылыстың қарқын алумен риелторлар саны артты. Баспананы сату-сатып алумен айналысатын кез келген адам енді бұл кәсіпте қала алмауы мүмкін. Өйткені білімі мен біліктілігін дәлелдеуге тиіс.
Елімізде алғаш рет риелторларды сертификаттау жүйесі іске қосылды. Сала мамандарының айтуынша, бұл бастама алаяқтарды азайтып, баспана нарығының жұмысын бір жүйеге келтіреді.
Қазақстандықтар риелторлардың жұмысына жиі шағымданатын болған. Олардың жоғары комиссия алып, келісімшартты өз пайдасына жасайтынына наразы. Ұлттық риелторлар палатасы өкілдерінің айтуынша, сала мамандарын сертификаттау жүйесін іске қосу тұтынушы құқығын қорғап, мамандардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әсет Айтбаев, «PANA» Ұлттық риелторлар палатасының вице-президенті:
- Сертификаттау кәсіби мамандарды анықтап, сапасыз қызмет көрсететіндердің санын азайтуға көмектеседі. Біздің платформамызда жылжымайтын мүлік агенттерінің тізімі жасалған. Ол көпшілікке ашық, сондықтан кез келген адам маманның сертификаты бар-жоғын онлайн тексеріп, өздеріне қажет қызметкерді таңдай алады.
Бүгінде елімізде шамамен екі мыңға жуық риелтор ресми тіркеліп, жұмыс істейді. Ал бейресми қызмет көрсететін агенттердің саны 25 мың шамасында. Себебі риелтор болу үшін арнайы мемлекеттік лицензия немесе міндетті диплом талап етілмейді. Сондықтан бұл салада кәсіби біліктілігі күмән тудыратын адамдар аз емес. Ұлттық палата нарықтағы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Алайда жеке агенттердің бәрі бірдей бұл бастаманы қолдап отырған жоқ. «Сертификаттау мемлекеттік деңгейде жүргізілмесе, оның маңызы шамалы», - деп есептейді.
Маржан Қалдыбаева, риелтор:
- Егер мемлекет тарапынан лицензиясы бар организация болса, әрине алар едім. Егер ондай құжаты болмаса, онда маған оның керегі не?
Сертификат құны – 80 мың теңге. 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап берген маман бір жыл мерзімге жарамды сертификат алады. Кәсіби біліктілігін растаған риелторлар бірыңғай тізілімге енгізіледі.
Елімізде риелторлардың қызметін реттейтін арнайы заң жоқ. «Сондықтан сертификаттау жүйесінің нақты құқықтық негізі болуы керек», - дейді мамандар.
Нұрлан Жаңабаев, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:
- Сертификаттаудың құқықтық негіздері болуы керек. Өзін-өзі реттеу ұйымына тиісті риелторлыққа қатысты этикалық кодексі болу керек. Тәртіптік комиссиясы болуы керек. Риэлторды қалай қабылдайды? Қалай шектеу қоюға болады, қандай сөгіс жариялауға болады – соның бәрі көрсетілуі керек. Осы мәселелер болғаннан кейін заңды түрде болады.
Ұлттық риелторлар палатасы әзірлеген «Риелторлық қызмет туралы» заң жобасы Үкіметтің оң қорытындысын алып, жаңа Парламент Құрылтайдың қарауына енгізілмек. Құжат қабылданса, сала жұмысы заңмен реттеледі.
Айнаш Еруханқызы