Құрылыс саласы: даму бар, маман тапшы

  • 6
  • 07.08.2026, 19:46

Қазақстанда осы жексенбі – Құрылысшылар күні. Соңғы жылдары аталған мамандыққа мейлінше көңіл бөлініп, сала жұмысы жүйеленіп келеді. Бірақ бұл бағытта білікті маман тапшы. «Кадр жетіспеушілігі алдағы жылдары тіпті күшейеді», - дейді сарапшылар. Бұл түйткіл қалай шешілмек?

Астаналық Досжан Кәрімбаев 20 жылға жуық уақыттың ішінде 50 шақты үйдің құрылысына атсалысқан мамандардың бірі. 2006 жылы елордаға келіп, содан бері бұл салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Баспана құрылысына ғана емес, бас қаланың басты ғимараттарын салуға үлес қосқан.

Досжан Кәрімбаев, құрылысшы:

- Астанаға 2006 жылы келдім. Одан кейін осы министрліктер үйінің кірпішін қалап, тас қалаушы (каменщик) болып жұмыс істедім. 2007–2008 жылдары фасад жұмыстарына ауыстым. 2023 жылы шағын компания аштым. Қазір, Аллаға шүкір, тұрғын үйлердің жобаларын жасап жатырмыз.

Иә, кейіпкеріміз қазір шағын құрылысшылар ұжымының жетекшісі. Қарамағындағы білікті жігіттермен бірге ірі құрылыс компанияларына субмердігер болып жәрдемдеседі. Досжанның сөзінше, құрылысшы болу – тек нәпақа тауып, күн көру емес, қала құрылысы мен сәулетіне тікелей үлес қосып, сол арқылы сүйікті кәсібіңнен ләззат алу.

Досжан Кәрімбаев, құрылысшы:

- Балаларыммен қалада серуендеп жүргенде, оларға: «Мына үйді мен салдым, мына үйді де мен салдым», – деп айта аламын. Астананың осылай көркеюіне өз үлесімді қосып жүргеніме қуанамын. Бір жағынан, оны балаларыма айтып, мақтан тұтамын.

Елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Сапаға деген талап күшейіп, түрлі тың технологиялар да енгізіліп жатыр. Үйлер де көптеп салына бастаған.

Айта кетейік, Астана және Алматы қалалары тұрғын үйді пайдалануға беру жөнінен қазір ел бойынша көш бастап тұр. Ал былтыр баспана құрылысы бойынша тәуелсіздік жылдары болмаған рекордтық көрсеткіш тіркелді. 

Қанат Мыңбаев, ҚР ӨҚМ комитет төрағасының орынбасары:

- Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2023-2029 жылдары мемлекетімізде 15,3 млн шаршы метр жыл сайын тапсыру тапсырылған болатын. 2025 жылдың қорытындысымен 20,3 млн шаршы метрді құрап отыр. Биылғы жыл да бұл көрсеткіш алдыңғы жылдардан кем болмайды деген сенімдеміз.

Қазір Қазақстан Орталық Азия елдері арасында құрылыс қарқыны бойынша оқ бойы озық тұр. Дегенмен салада проблемалар да жоқ емес. Ең басты мәселе – кадр тапшылығы, дипломы бар білікті мамандар жетіспейді. Құрылыс нысандарында қазір 100 мыңнан астам бос орын бар. Елде 100-ден астам колледж салаға қажетті мамандарды даярлағанымен, олқылықты жоя алмай отыр. Себебі олардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті:

- Ең алдымен, құрылыстың өте ауыр жұмыс екенін бәрі түсінуі керек. Қыстың қақаған аязында боранмен алысып, биіктікте монолит құю – ерлікпен пара-пар. Сондықтан бұл салаға жастарды тек жалақыны көтеру арқылы тарта аламыз. Нысанды уақытынан ерте тапсырғандарға сыйақы берілу керек. Басқа ештеңемен қызықтыра алмайсыз. Сосын әлбетте, оқу орындарында грантты одан әрі көбейту қажет.

Айта кетейін, бүгінде Қазақстанның құрылыс саласында 700 мыңға жуық отандасымыз жұмыс істейді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының есебіне сәйкес, елде құрылыс қарқынының артуы мен АЭС секілді аса ірі инфрақұрылымдық жобаларға байланысты 2030 жылға қарай саладағы маман тапшылығы 200 мыңнан асады деген болжам бар. 

Дамир Берікұлы, Мейірбек Бесбаев