Құрылтай сайлауы: Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істейді

  • 8
  • 11.08.2026, 19:43

Құрылтай сайлауы күні Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның барлығы қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңірдің саяси науқанға дайындығын Орталық сайлау комиссиясының өкілдері тексерді. Жергілікті сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинар өткізді.

Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Жезқазған және Сәтбаев қаласындағы бірнеше сайлау учаскесіне барды. Ондағы ақпараттық бұрыштардың жабдықталуы, қажетті материалдардың қолжетімділігін тексерді. Құрылтай сайлауы күні өңірде 127 учаске жұмыс істейді. Оның 4-еуі жабық үлгіде. Комиссия мүшелері: «Дауыс беру алаңдарында сайлаушылардың барлық санаты үшін қажетті жағдай жасалуы тиіс», - дейді. 

Азамат Айманақұмов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Өздеріңіз көріп отырсыздар, мүгедектігі бар сайлаушыларға жағдайлар жасалған. Тактильдік белгілер бар, арнайы кабиналар және мына жерде бұрыш жасақталған. Онда арнайы компьютерлер және құлаққаптар бар, ұлғайтқыш құралдар бар. Сонымен қатар Брайль шрифтімен арнайы бюллетенді оқитын трафарет берілетін болады. 

Өңірдің Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығы мемлекеттік орган өкілдерімен өткен кездесуде талқыланды. Атқарылған жұмыстар мен сайлауға дайындық аясында қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Жергілікті сайлау комиссияларының мүшелері біліктілігін дәлелдеу тестінен өтті. 

Бауыржан Тұрғанбаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппаратының бөлім меңгерушісі:

- Семинарда жалпы 2026 жылғы 1-шілдеде қолданысқа енгізілген, «Сайлау туралы конституциялық заңға» өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістер талқыланатын болады, жаңашылдықтар және де практикада қолданылатын кейстер талқыланды. 

Соңғы нақтылау бойынша өңірде 138 362 сайлаушы тіркелген. Ал мүгедектігі бар 400-ден астам сайлаушы бар. Сайлау күні оларға 8 инватакси мен еріктілер қызмет көрсетеді.