Respublica партиясының өкілдері Ақтөбедегі бірқатар өндіріс орнында болып, жұмысшыларымен жүздесті. Мәселен, олардың қатарында ет өнімдері мен қой жүнін өңдейтін кәсіпорын, сондай-ақ минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт бар.
Саяси ұйым мүшелері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, еңбек ұжымының сауалдарына жауап берді. Негізінен жалақы мен зейнетақы, медициналық сақтандыру, Салық кодексі, тауар экспорттаушы компанияларды қолдау сияқты түйткілдер талқыланды.
Дана Бекбауова, Respublica партиясы Ақтөбе ОФ төрағасы:
- Өңдеу саласындағы кәсіпорындарды араладық. Мұндағы мәселелер негізінен экспортқа қатысты. Шетелде сұранысқа ие өнім шығаратын компания өкілдері тауар жеткізуге қатысты мәселелер көтерді. Жүк тасымалы кезінде бірқатар қиындыққа кезігіп жатады. Экономикамызды әрі қарай дамытып, өндіріс орындарын өркендету үшін кедергілерді жою қажет.