Теміртауда жылу жүйесі жаңғыртылып жатыр

  • 6
  • 11.08.2026, 19:48

Теміртауда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген құбырлар әбден тозғандықтан апаттар жиі болатын. Қазір жылу электр орталығының желісі жаңартылып жатыр. 

Теміртаудағы екінші жылу электр орталығынан шығатын 8 шақырым желі жаңартылады. Шаһарды жылумен қамтамасыз ететін жүйенің бұл тұсында күрделі жөндеу жұмыстары алғаш рет қолға алынды. Жоспар бойынша 2,5 шақырым құбыр ауыстырылса, қалғаны келер жылы жаңартылады. Әлеуметтік маңызы зор нысандағы жұмыс сапасы техникалық қадағалау мамандары назарында. Жергілікті атқарушы билік өкілдері: «Жөндеу жұмыстары аяқталған соң қаланың жылу жүйесінде апат азаяды», - дейді.

Ринат Қыдырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Барлық қажетті материалдар мен құбырлар жеткізіліп жатыр. Бұдан басқа қаламыздағы 6 және 8 ықшамауданындағы жылу желілерін ауыстыру жұмыстары да басталып кетті. Биылғы жылға басты апатты дейміз ғой, сол құбырларды ауыстыру жоспарланып отыр.

Желілер - шаһардың жылу жүйесінің негізгі күре тамырларының бірі. Қазір орталық аудандардың 65 пайыздан астамын жылумен қамтамасыз етеді. Жөндеу жұмыстары 80 пайызға таяған. 10 қыркүйекке дейін аяқтап, комуналдық мекеме жоғарғы қысыммен тексеруге кірісуі тиіс.

Роман Оппелендер, коммуналдық кәсіпорын бас директорының міндетін атқарушы:

- Осы магистральды ауыстырған соң жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп, апаттық жағдайды азайтамыз. Қыста қала жылусыз қалмайды. Жылу оқшаулағыштың жаңа түрі қолданылып жатыр. Сондықтан жылу энергиясы да сапалы болады деген сенімдемін.

Жалпы облыс бойынша жылыту маусымына дейін 64 шақырым жылу желісі жаңартылуы тиіс. Қазір жөндеу жұмыстары жеті жылыту жүйесінде қолға алынған. 18 қазандық агрегаты мен 10 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар электр және көгілдір отын желісі де қыс мезгіліне дайындығын жалғастырып жатыр.

Мансұр Есқожин, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит