Kaspi.kz қолдауымен елордада ЖИ олимпиадасы өтті

  • 6
  • 12.08.2026, 19:53

Астанада Kaspi.kz қолдауымен өткен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада жоғары нәтижелермен аяқталды. Қазақстандық оқушылар үздік ондыққа енсе, ұлттық құрама мүшелерінің бірі тарихта алғаш рет абсолютті чемпиондар тұғырына Қазақстан туын көтерді. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген бес жүзге жуық ең дарынды оқушының арасында екінші орын иеленді.

Ең ауқымды, ең жарқын әрі әсерлі Олимпиада. Цифрлық код жазуға жұмсалған ондаған сағат мазмұнды мәдени бағдарламамен алмасты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік оқушылар асық ойнауды, садақ атуды үйреніп, әшекей бұйымдар мен ыдыс-аяқ жасап, ұлттық сайыстарға қатысып, тіпті қара жорға биледі. Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында Қазақстанмен осылайша жақынырақ танысуға Kaspi.kz көмектесті.

Владимир Кирилл Биков, IOAI-2026 олимпиадасындағы Латвия құрамасының өкілі:

- Мұндағының бәрі ерекше, бәрі керемет әсер сыйлады. Әсіресе күн сайын көптеген түрлі іс-шара өтетіні маған қатты ұнады.

Милош Арсич, IOAI-2026 олимпиадасындағы Сербия құрамасының өкілі:

- Жергілікті тұрғындар мен еріктілерден Kaspi қосымшасы туралы көп естідік. Онда бәрі бар — барлық құжаттар, азық-түлікке де тапсырыс беруге болады. Шынымен де таңғалдырады. Біздің елде мұндай жоқ.

Биляна Кривокапич, IOAI-2026 олимпиадасындағы Черногория құрамасының өкілі:

- Сіздердің мәдениеттеріңіз өте бай. Біз үшін бұл өз елімізде кездеспейтін дүниелерді көріп, танысуға берілген мүмкіндік.

Олимпиада күндері видеойындар, комикстер мен аниме жанкүйерлері гик-мәдениеттің ең ірі фестивалі Comic Con-ға барды. Компьютер алдында ұзақ уақыт өткізгеннен кейін мүлде басқа ортаға ауысып, сергіп қайту қатысушылар үшін таптырмас мүмкіндік болды.

Исламнұр Хусаинов, IOAI-2026 олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Менің ойымша, мұндай іс-шаралардың пайдасы өте зор. Өйткені осындай ауыр күннен, әсіресе алты сағат бойы код жазғаннан кейін бір сәт басқа нәрсеге көңіл бөліп, сергіп алу қажет.

Қатысушыларды қызықтырған тағы бір орын Kaspi.kz интерактивті аймағы болды. Мұнда олар логика мен бағдарламалау бойынша тапсырмаларды орындады немесе виртуалды матч ойнап, бір сәт сергіп алды.

Ал бұл Олимпиаданың финалдық күні және Қазақстан үшін тарихи сәт. Ұлттық құраманың барлық мүшесі жүлдеге ие болды. Екі алтын, екі күміс және төрт қола медаль. Жалпы рейтингте Қазақстан Олимпиаданың үздік 10 құрамасының қатарына енді.

Дінмұхаммед Ынтықбай, IOAI-2026 олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Меніңше, мұндай олимпиадаларға қатысу өз салаңда үлкен тәжірибе береді. Бұл тек жарысқа қатысу ғана емес, оған дайындалу, есептерді шешу және алға ұмтылу.

Сұлтанби Исатай, IOAI-2026 олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Kaspi сияқты демеушілерсіз мұндай іс-шараларды өткізу іс жүзінде мүмкін болмас еді. Оған өте көп ресурс пен қаражат қажет. Осы тұрғыдан алғанда Kaspi барлығына үлкен қолдау көрсетті. Қазақстан үшін мұның маңызы зор. Бұл — болашақта жаңа технологиялар, компаниялар мен өнімдер жасайтын қуатты зияткерлік капитал.

Қазақстан үшін тарихи рекордты Алматы қаласының оқушысы орнатты. Дәужан Бекетов алтын медаль жеңіп қана қоймай, 100-ден астам елден келген 500-ге жуық қатысушының арасында әлемдік абсолюттік есепте екінші орын иеленді.

Дәужан Бекетов, IOAI-2026 олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Мен дайындықты қандай да бір ерекше жағдайда бастаған жоқпын, жаттықтырушым да болған жоқ. Дайындықтың алғашқы кезеңінде бәрін өзім жасадым. Тек кейін оқу-жаттығу жиындарына іріктеліп өттім. Сондықтан қандай жағдайда жүргеніңіз маңызды емес дегім келеді. Ең бастысы көп еңбектену.

Қатысушылар орындаған тапсырмаларды қарапайым мектеп есептері деуге келмейді. Оларды әр елдің, соның ішінде Қазақстанның да мамандары әзірледі. Тапсырмалардың бір бөлігі нақты өмірдегі мәселелерге негізделген. Кейде оқушылар тапсырма авторының өзі ұсынған нұсқадан да тиімді шешім тапқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қатысушылар деңгейінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.

Әнуар Аймолдин, IOAI халықаралық ғылыми комитетінің мүшесі:

- Қолдау көрсеткені үшін Kaspi-ге үлкен рақмет. Менің ойымша, ертеңгі күнін ойлайтын көптеген компания қазірдің өзінде осындай іс-шараларға қатысады. Өйткені олар зерттеулерге барынша жақын. Біріншіден, бұл — әлемнің ең мықты таланттарына ерте кезеңнен-ақ өзіңді танытуға мүмкіндік. Екіншіден, жаһандық жасанды интеллекттің дамуына өз үлесіңді қосу.

Қазақстан екінші жыл қатарынан біздің оқушыларымызда болашақтың технологияларын жасауға қажетті әлеуеттің бар екенін көрсетіп келеді. Бұл жолда оларға Спорттық бағдарламалау федерациясы Kaspi-мен серіктестікте қолдау көрсетуде. Ал мұндай олимпиадалардың шынайы нәтижесін алдағы жылдары көре аламыз. Бүгінгі қатысушылар ертең нақты өмірге арналған AI-жобаларды жасап, жаңа технологияларды іске қоса бастайды.

Берік Дүйсенбай