Аида Балаева жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтады

  • 5
  • 12.08.2026, 19:39

Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық жастар күнімен құттықтады.

Еліміздегі жастар саны бүгінде 6 миллионнан асып отыр. Бұл республика тұрғындарының үштен біріне жуық бөлігі, яғни елдің ертеңі. Оны дамытудың жүгін арқалайтын үлкен күш. Адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды өркендету, инновацияны қолдау жаңа Конституцияның негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға артылған сенім мен жауапкершіліктің де  жоғары екенін көрсетеді. Аида Ғалымқызы Президент бастамасымен жастар саясатына тың серпін берілгеніне тоқталды.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:

- Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, баспаналы болуына, волонтёрлік қызметпен айналысуына және қоғамдық бастамаларға белсене араласуына жан-жақты жағдай жасалып келеді. Бұл жұмыстың нақты нәтижелері де бар. «Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық мемлекеттік қолдауға ие  болды. Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болды. Биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.