Астанада электрсамокаттарға жаңа талап енгізіледі

  • 5
  • 13.08.2026, 19:38

Астанада электрсамокаттардың тротуар және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Жаңа ереже осы тамыздың 25-інен бастап күшіне енеді. Сондай-ақ самокаттарды жалға беретін кикшеринг компанияларына қатысты да талап бар. Енді олар қайда және қалай жүруі керек?

25 тамыздан бастап электрсамокат мінетіндер веложолдар мен веложолақтар арқылы жүруі тиіс. Мұндай мүмкіндік болмаған кезде жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуы қажет.

Жолдың жүру бөлігіне шығу үшін қатаң талаптар бар. Атап айтқанда, самокат пайдаланушының жасы 18-ге толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы керек. Сондай-ақ тағылған қорғаныс шлемі мен қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтері бар жабдық пен қамтылуы тиіс. Бұдан өзге, самокатты тротуардың ортасында, жаяу жүргіншілер өткелінде қалдырып кетуге болмайды. Бұл үшін айыппұл салынуы да мүмкін.

Мұндай талап жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, апатты жағдайларды болдырмауға бағытталып отыр. Жыл басынан бері елордада электрсамокаттардың қатысуымен 28 оқиға тіркеліп, салдарынан 29 адам зардап шеккен. Деректерді талдау барысында, бір самокатқа 2 азаматтың мінгесуі де түрлі оқиғаға душар қылғаны анықталған. Сондықтан енді оны тек бір адам жүргізуі қажет. Ал жалға беретін компаниялар самокаттарды тіркеуге, техникалық жағдайын бақылау сынды талаптарды әрі қарай атқаруға міндетті.

Альфия Альбосынова, Астана Қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға инспекторы:

- Компаниялар міндетті түрде электрсамокаттарды есепке алу керек болып саналады. Тіркеу нөмерлерінің болуы, шлеммен қамтамасыз етуі, сонымен қатар айта кетерлігі міндетті сақтандыру полисі бар. Егер де осы талаптар сақталмайтын болса, талаптарды бұзып, электрсамокаттарды жалға беретін болса әкімшілік-құқықбұзкшылық кодексінің тиісті баптарына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Мұндай өзгеріс электрсамокат пайдаланушыларды тәртіпке келтірмек.

Абдулхамит Бөлекбаев, қала тұрғыны:

- Өзім жалпы самокатты жақсы көремін. Астана, мегаполис. Пробкалар көп болады. Өте ыңғайлы нәрсе. Либо паркте серуендегенде семьямен өте жақсы нәрсе. Ереже егер күшіне енсе, білмеймін. Самокатты тастайтын шығармын. 

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану ережелері мен кикшеринг сервистерінің жұмысы өзгерді. Биыл елде осы көлік құралының қатысуымен болған көлік оқиғаларының көбі  Алматы мен Астана қалаларында тіркелген. Сондықтан талап пен ереженің күшейтілуі - қаладағы қозғалыс қауіпсіздігін артырудың қамы. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Досбол Байділдин, Айбын Құсанбеков