Алматыда Құрылтай сайлауының сипаты сараланды

  • 6
  • 14.08.2026, 19:33

Қазақстанда сайлаушылардың 75 пайызы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті. Бұл – маңызды саяси оқиға қарсаңында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі. Мәліметтер Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылық алаңының отырысында жарияланды.

Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың соңғы таңдауына партиялардың бағдарламасы мен кандидаттардың тұлғасы ғана емес, теледебаттар, әлеуметтік желілердегі ақпарат та ықпал етуі мүмкін. Қазіргі науқанның 2019 және 2023 жылдардағы сайлаулардан бір ерекшелігі – ақпарат тарату арналарының өзгеруінде. Бүгінде үгіт-насихат материалдарын әзірлеуде әлеуметтік желілер мен генеративті жасанды интеллект қолданыла бастаған. Цифрлық технологиялар ақпарат жеткізуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Дегенмен зерттеулер шынайы байланыстың да маңызды екенін көрсеткен.

Айгүл Сәдуақасова, философия, Саясаттану және дінтану институтының директоры:

- Әлеуметтік желілер қазіргі таңда өте белсенді. Дегенмен адамдардың тікелей байланысқа деген қажеттілігі жоғары екенін байқауға болады. Мысалы, аудиторияда өңірлердің өз сұрақтарын қалай шеше алатыны, олармен қалай байланысуға болатыны туралы сұрақтар көтерілді. Саяси партиялардың жергілікті жерлерде халықпен жұмысты қаншалықты тиімді ұйымдастыра алатыны және олардың сұрақтарына қаншалықты жауап беретіні де маңызды фактор болып табылады.