Ақтөбе облысында 6 мыңнан астам жас алғаш рет сайлауға қатысады

  • 7
  • 14.08.2026, 19:34

 Ақтөбе облысының 6 мыңнан астам тұрғыны биыл алғаш рет сайлауға қатысады. Кәмелет жасына толған бозбалалар мен бойжеткендер саяси науқанға белсенді атсалысуға ниетті. Олар дауыс беру учаскелерін алдын ала анықтап, сайлаушылар тізіміне тіркелген. Жалпы өңірде тұратын 578 019 азаматтың дауыс беру құқығы бар. 

Әсемай Долдаш 18-ге мамыр айында толған. Колледжде білім алып жатқан болашақ ұстаз: «Құрылтай сайлауына міндетті түрде қатысамын», - дейді. Себебі оқу ордасының студенттер кеңесінің мүшесі қоғам алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінеді. 

Әсемай Долдаш, студент:  

- Бұл менің алғашқы дауыс беруім. Алғашқы ҚР азаматы ретінде өз мемлекетім үшін үлесімді қосып, өз дауысымды беру мен үшін өте маңызды. Елімнің болашағы үшін, өзімнің болашағым үшін бұл дауыс өте маңызды деп ойлаймын және де әр азамат өз дауысын беру керек. 

Жалпы Ақтөбе облысының 6629 тұрғыны биыл алғаш рет дауыс береді. Ал 31 жас Құралтай сайлауы күні, яғни 23 тамызда 18-ге толады. Барлығы да сайлаушылар тізіміне енгізілген. Оларға «Жас сайлауышылар клубы» еріктілері дауыс беруге көмектеседі. 

Нұрлыбек Жүсіпов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Облыстық сайлау комиссиясының және барлық аудандық сайлау комиссияларының жанынан Жас сайлаушылар клубтары құрылған. Клуб мүшелері еріктілер ретінде сайлау учаскесіне келген мүгедектігі бар адамдарды кіреберістен бастап күтіп алып, сайлау учаскесіне кіріп-шығуына жәрдем көрсетеді. Сонымен қатар, егде жастағы азаматтарымызға да қажетті көмек көрсетіп, осындай бағыттағы жұмыстарды атқаратын болады.

Өңірде 14 аумақтық және 525 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Мәселен, облыс орталығындағы білім ордаларының біріндегі 120-ші учаскеге 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Қазір дауыс беру орнында саяси науқанға дайындық пысықталып жатыр. 

Мәриямгүл Рахметова, №120 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Мүгедектігі бар адамдарға ерекше жағдайлар жасалды. Бізде пандус, тактильді тақта және кабина орналасқан. Сонымен бірге біз осы сайлауды қалай өткізетіндігі туралы компьютерде жазылған аудиотаныстырылым бар. 

Ақтөбе облысындағы үш сайлау учаскесі бекітілген уақыттан бір сағат бұрын жұмысын бастайды. Олардың біреуі 66-55 әскери бөлімінде болса, тағы екі учаске Жағабұлақ және Саға ауылдарында. Бұл учаскелерде жақын маңдағы кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар дауыс береді. 

Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов