Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өңдегендер ұсталды

  • 8
  • 14.08.2026, 19:45

Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өңдеумен айналысқан топ анықталды.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді қайта құнарландыру жұмыстарын жүргізіп жатқандай кейіп танытқан. Оқиға орнында ауыр техника, түрлі жабдықтар табылды. Осылайша толық тау-кен байыту кешені іске қосылған. Ал өңделген өнім шекаралас мемлекеттерге экспортталып отырғаны белгілі болды. 

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған. Шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған. Тергеу дерегінше, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 млрд теңгеден көп болған. Заңсыз әрекет салдарынан қоршаған ортаға залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады. Тергеу жалғасып жатыр.