Алдағы жылдары баспананы сақтандыру міндеттелуі мүмкін

  • 8
  • 14.08.2026, 19:47

Осылайша әлемде бар тәжірибені Қазақстан да енгізбек. Себебі түрлі төтенше жағдайлар кезінде шығынды мемлекет өтеуге мәжбүр. Мәселен, 2024 жылы су тасқынынан қираған үйлерді қалпына келтіруге 257 млрд теңге қажет болды. Сонымен мүлікті міндетті сақтандыру қашан басталады? Бұған халықтың пікірі қандай?

Баспананы міндетті сақтандыру жүйесі бүгінде әлем елдерінің біразында бар. Ал кейбір мемлекеттерде билік тарапынан міндеттелмесе де, халықтың көбі үйін сақтандыруды әдетке айналдырған. Мәселен, жаһандағы барлық мүлік сақтандырудың жартысына жуығы қазір Солтүстік Америкаға тиесілі. Тұрғындардың 90 пайыздан астамы сақтандыру жарнасын төлеп отыр. «Ал міндетті сақтандыруды Оңтүстік Корея мен Түркия сәтті енгізген», - дейді сарапшылар. Айталық, Түркияда үйлердің 57 пайыздан астамы жер сілкінісінен қорғалған. Енді бізде де сақтандыру міндеттелмек.

Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдің сақтандыру жүйесін кешенді жетілдіруді көздейтін «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі:

- Сақтандыру табиғи апаттар нәтижесінде тұрғын үйі зақымдалған немесе жойылған азаматтарды жедел қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғын үйді міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру жарнасының мөлшері нақты өңірдегі тәуекел дәрежесіне байланысты белгіленеді. Міндетті сақтандыру жүйесін енгізуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Бірінші кезеңде бұл тетік аталған тәуекелдерге бейім барлық 16 өңірге кейіннен таратыла отырып, елдің неғұрлым осал өңірлерінде енгізіледі. Заң күшіне енгеннен кейін қажетті инфрақұрылымды құру және қаражатты жинақтау үшін үш жылдық өтпелі кезең көзделеді.

Агенттіктің бұған дейін таратқан ақпаратына сәйкес жарна көлемі қауіп деңгейіне қарай 1 мыңнан 20 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Ал ерікті сақтандыру қазірдің өзінде бар. Алайда халықтың белсенділігі өте төмен. Елдегі 8,5 миллионнан астам жылжымайтын мүліктің бүгінде 200 мыңға жуығы ғана сақтандырылған. Бұл 2,5 пайызға әрең жетеді. Онда да оның біразы ипотекамен рәсімделген үйлер. Яғни банктің міндеттеуімен жасалған.

Экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, халық баспана сақтандырудың жарнасын басы артық шығын деп есептейді. Оның үстіне сақтандыру компанияларына деген сенімсіздік те бар. 

Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:

- Не тауы жоқ, не суы жоқ жерлерде, әсіресе ауылдық өңірлерде, мұндай сақтандыру азаматтарымызға қаржылық тұрғыдан ауыр тиеді. Ал егер жер сілкінісі сияқты табиғи апаттар болуы мүмкін немесе теңіз, су айдындары бар өңірлерде міндетті түрде енгізілсе, әрине, халық оны қолдайды деп ойлаймын. Себебі азаматтарымыз мұндай апаттардың зардабын өз көзімен көріп, басынан өткерді. Сондықтан бұл мәселе бойынша халық арасында ешқандай дау немесе қарсылық болмайды деп есептеуге болады.

«Оның үстіне қазір кейбір адамдар мұндай сақтандырудың бар екенін де білмейді», - дейді сарапшы. Яғни жаппай енгізілмеген соң халықтың да хабары шамалы. «Баспананы міндетті сақтандыруға қалай қарайсыз?», - деп тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Пікірлер екіге айырылды. 

Блиц-сауалнама:

- Меніңше, ол керек емес сияқты. Себебі, әркім өз үйіне өзі жауап береді ғой. Ал мұнда сақтандыру болса, ертең қандай да бір жағдай орын алғанда, тек ақша алу үшін жасалғандай көрінеді.

- Енді егер үйді сақтандырып қойса, ертең қандай да бір жағдай болса, шығынды өтеп береді ғой. Солай ғой.

- Әркім өзі үшін сақтандыруы қажет. Болашақта не болатынын Құдай біледі. Сол үшін сақтандыру компаниясы шығынды өтеп, қажет болса, үйді қайта тұрғызып бергені дұрыс.

- Міндетті болмауы керек. Адам өзі таңдауы керек қой: сақтандыру ма, сақтандырмау ма.

Ал осы сақтандыру ісінің басы-қасында жүрген мамандар «мүлікті сақтандыру міндетті түрде қажет» деген пікірде. Себебі жылына бір рет қана жарна төлеп, баспананы түрлі қауіптен сақтандыруға болады. Тарифтердің де түр-түрі бар дегенді айтады. 

Гүлжан Абылқанова, сақтандыру компаниясы филиалының директоры:

- Мысалы, сақтандыру сомасы 2 млн 200 мың теңге тұрады. Жылдық бір-ақ рет төленетін ақысы 13 мың 200 теңге тұрады. Қандай жағдайларда керек болады? Мысалы, үйдің ішкі әрлеу жұмыстарына, 600 мың теңгеге дейінгі үйдегі техникаға және көршілеріңіздің алдындағы 600 мың теңгеге дейінгі жауапкершілікке қатысты. Өрт кезінде, су тасқыны болған жағдайда және тонап кету жағдайында да қолданылады.

Жарна көбейген сайын сақтандыру сомасы мен кейін алатын өтемақы көлемі де өсе береді. Сақтандыру компаниялары қазір халықтың көбірек білуі үшін ақпаратты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі цифрлық платформаларға енгізіп жатқандарын айтады. Ал заң жобасы әзірге дайындық үстінде. Құжат Құрылтай талқысына биыл жіберіле ме, жоқ па ол жағы әзірге беймәлім. Бір белгілісі, алдағы жылдары баспананы сақтандыру міндетті іске айналмақ. 

Дамир Берікұлы, Самат Сүлейманов, Қанат Әбілдин