Елордада қоғамдық орындарды ластағандарға айыппұл салынды

  • 9
  • 14.08.2026, 19:49

Елорданың Сарыарқа ауданында жыл басынан бері үш мыңнан астам адам қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңсыздықтың алдын алдын алу мақсатында полиция басқармасы мен әкімдік қызметкерлерінің тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жалғасып жатыр. Шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтіп жатыр.

Кезекті шара барысында тәртіп сақшылары Есіл өзенінің жағалауы мен осы аудандағы бірнеше саябақта тазалықты сақтауға қатысты ережені түсіндіріп, жадынама таратты. Ауқымды акция – Президенттің тапсырмасымен елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындардың мәдениетін көтеруге бағытталған игі бастама. 

Былтыр наурызда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» - жәй науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет», - деді. Абаттандыру ережесін бұзу, ластау - Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес жауапкершілік жүктейді.  

Айбол Каменов, Сарыарқа аудандық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы:

- Газонда отырып, төсеніп отыру заңбұзушылық болып саналады. Азаматтар немесе қонақтар төсеніп отырып, отырған жерлерінде қоқыс тастап кететін жағдайлар да көп орын алады. Ол жөнінде бізде қазір қала бойынша бейнебақылау камералары бар. Сол арқылы немесе патрульдеу арқылы анықталады.

Балмира Берікқызы, Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Саябақтарда немесе қала аумағында қоқыс тастаған жағдайда бірінші ескертпе беріледі. Ал ол бір жыл ішінде қайталанған жағдайда белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Мәселен, жыл басынан бері Сарыарқа ауданы бойынша 3,5 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген және құқықбұзушыларға шамамен 4 млн-нан астам айыппұл салынды.