Солтүстік Қазақстан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 8 мыңға жуық балаға біржолғы төлем жасалады. Оған жергілікті бюджеттен 400 млн теңге қарастырылған. Ата-аналар бұл қаржыға баласына киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып ала алады.
Петропавлдық Наталья Науменко өз қамқорлығына алған екі немересін жаңа оқу жылына дайындап жатыр. Биыл оларға мемлекет тарапынан 102 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді.
Наталья Науменко, қала тұрғыны:
- Мемлекет берген ақша екі немеремнің киім-кешегіне толық жетті. Кеңсе тауарларын алуға келдік. Бағалары әртүрлі. Арзаны да, қымбаты да бар. Оған енді зейнетақымнан қосуға тура келеді. Сонымен мектепке дайын боламыз.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір кеңсе тауарлары әр адамның қалтасына қарай қымбаттай береді. Мәселен, менің қолымдағы ең қарапайым 12 беттік тор дәптері 38 теңге тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 8 мыңға жуық оқушы бар. Биыл оларды жаңа оқу жылына дайындау үшін жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. «Мектеп жол» акциясынан демеушілер де шет қалған жоқ.
Әсел Оразбаева, білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- 2026 жылы бір балаға берілетін төлем сомасы 50851 теңгені құрайды. Сонымен қатар акция аясында демеушілердің қолдауы да маңызды. Биыл 320 балаға жалпы сомасы 2млн 715 мың теңге көлемінде демеушілер көмек көрсетті.
Білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, биыл облыс бойынша 34 жарым мың оқушыны тегін тамақтандыруға да жеткілікті қаржы бөлініп отыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков