Түркістан облысындағы «Түлкібас» вокзалы жаңартылды

  • 8
  • 17.08.2026, 19:34

Түркістан облысында ғасырлық тарихы бар «Түлкібас» теміржол вокзалы жаңғыртылды. 1916 жылы салынған ескі вокзал бұзылып, орнына екіқабатты жаңа ғимарат бой көтерді. Бұл игілікті жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол вокзалдарын жаңарту жөніндегі тапсырмасына орай жүзеге асырылған.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа вокзал тәулігіне 190 жолаушыға қызмет көрсете алады. 90 орындық кең күту залы, заманауи жеделсатылар, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана жұмыс істейді. Одан бөлек, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, полицияның қызметтік кабинеті жасақталған. Ең бастысы, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қатынауына жағдай жасалған.  

Батырхан Тоғызов, Т. Рысқұлов ауылының тұрғыны: 

- Осы күнге дейін бізге қызмет етіп келе жатқан вокзал ғимараты көнеріп, ескірген еді. Мұнда барлық кабинеттік жүйлер жаңа жабдықтармен жабдықталған, іші-сырты тап-таза. Көлік қоятын алаңдарға дейін жасалынып, халыққа игілікті іс болып отыр. Жаңа нысанда елдің игілігіне үшін қызмет етсе деген ниетіміз бар. 

Айша Бабажанқызы, Түлкібас ауданының тұрғыны:

- Біраздан бері бұзылып, жөнделіп жатқан кезде «үлкен тарихи ескірткіш еді ғой», - деп көңілім ортайып қалғаны рас. Енді қазір көріп, мәз болып тұрмын. Өйткені оның бұрынғы қалыпы сақталған, басқаша бір өзгеріс болып кетпеген. Сондай бір деңгейде жаңартылған, әдемі дизайнмен салынғанын көріп, қуанып тұр едім.

 

Бұрынғы ғимараттың аумағы 340 шаршы метр болса, жаңасы 890 шаршы метрге дейін кеңейтілген. Одан бөлек, жолаушыларға арналған ұзындығы 540 метрлік перрон жаңа кейіпке енген. Аумақ толық абаттандырылып, бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылған.

Бауыржан Рысқұлбекұлы, «Түлкібас» теміржол вокзалының басшысы:

- Жолаушылар өтетін көпірді де жаңалап, бетон плиталарын ауыстырып, мрамор кафель төселді. Қоршаулары да ауыстырылды. Бәрі заман талабына сай келеді. Түлкібас стансиясында бүгінгі күні 400-500 адам еңбек етеді. 

Түлкібас теміржол вокзалы – өңірдің жолаушылар тасымалы мен көлік-логистикалық жүйесі үшін стратегиялық маңызды нысандардың бірі. Жаңа вокзал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, Түлкібастың жаңа келбетін айшықтай түсері анық.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 5 бірдей теміржол вокзалының инфрақұрылымы толықтай жаңартылды.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов