Сайлау кезеңінде БАҚ пен блогерлер нені ескеруі керек – Аида Балаева түсіндірді

  • 7
  • 17.08.2026, 19:37

Алдағы сайлау кезінде журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жасауға толық құқығы бар. Мұны Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Ведомство басшысы ақпарат құралдары өкілдерін алаңдатқан басқа да сұрақтарға жауап беріп, әлеуметтік желіде түсіндірме жазба жариялады.

Қазір түрлі түсірілім кезінде журналистер мен блогерлер бірқатар қиындыққа кезігеді. Соның бірі – фото және бейнетүсірілім уақытында сондағы адамдардың келісімі.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзінше, «Масс-медиа туралы» Заңға сәйкес, адам өзі көпшілік іс-шараға қатысқан болса немесе сол жерден табылса, оны келісімінсіз түсіруге болады. Сондай-ақ министр бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да жеке тоқталды.

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:

- Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді. Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді.

«Бұл мәселелер дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан бүгінгі Қазақстан үшін ерекше мәнге ие», - деді министр. Себебі Жаңа Конституция қабылданды, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды, алда Құрылтай сайлауы тұр. Қысқаша айтқанда, елімізде жаңа саяси және қоғамдық мәдениеттің негізі қаланып жатыр. Ал «Заң мен тәртіп» қағидатын ту еткен Қазақстанда әр азаматтың өз әрекетіне деген жауапкершілігі де биік тұруы шарт.

Министрдің сөзінше, бүгінде елімізде «Адал азамат» құндылықтарының маңызы артып келеді. Бұл өз құқығын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін түсінетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары әрі жасампаз азаматтың бейнесі. Медиа саласының сарапшысы Жандар Асанның пікірінше, журналистер мен блогерлер де осы үдеден шыға білуі тиіс.

Жандар Асан, медиа және коммуникация саласының сарапшысы:

- Сөз бостандығы деген осы екен деп жеке адамның шекарасынан өтуге, азаматтың ар-намысын аяққа таптауға болмайды. Бұл, өз кезегінде, заңға қайшы келеді. Сонымен қатар ақпарат тарату барысында жалған, сұрыпталмаған, дәйектелмеген деректерге сүйеніп, оларды тарату да заңға қайшы. Сондықтан сайлау барысындағы ақпаратты анық, дәл және тура беру – журналистің немесе блогердің саяси сауаттылығының, жалпы құқықтық тұрғыдан біліктілігі мен білімділігінің айқын көрінісі болып табылады.

Аида Балаева өз жазбасында әлеуметтік желілер мен онлайн платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды.

Дамир Берікұлы, Мейрамбек Қайыргелді