Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Open Almaty бірыңғай 109 байланыс орталығының жұмысымен танысты. Call-орталық азаматтарды ақпараттандыру жұмысымен айналысады. Яғни сайлау процесіне қатысты мәселелер бойынша жедел ақпарат беретін арнайы желі ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтайтын онлайн-сервис және Telegram-бот қызметтері қарастырылған.
Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қаладағы жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен де кездесіп, учаскелердің саяси науқанға дайындығын пысықтады.
Айта кетейік, қазір Алматыда 9 аумақтық және 670 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың бәрі талапқа сай жабдықталған.
Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлау – бұл процесс. Бұл жерде заңды бұзуға болмайды. Сол себепті біз, ең бастысы, заң мен тәртіп қағидатын басшылыққа алып, бүгінгі дайындап жатқан сайлауымыздың таза, ашық әрі әділ өтуіне барлық күшімізді салуымыз керек. Сондықтан мен Алматы қаласы сайлауға дайын деп айта аламын.