Ұлытауда агросалаға серпін беретін жаңа мүмкіндіктер талқыланды

  • 9
  • 17.08.2026, 19:49

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен егін жинау науқаны қарсаңында диқандармен және шаруа қожалық иелерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға бағытталған көшпелі семинарға қатысты. Жиында жем-шөп қорын ұлғайту, егін алқаптарының өнімділігін арттыру және шағын шаруашылықтарға қолдау көрсету мәселелері талқынады.

Ұлытаулық шаруалар жыл басынан бері 26 млрд теңгенің өнімін өндірген. Жыл санап мал басы өсіп, ата кәсіпке бет бұрушылар қатары артып келеді. Тек былтырдың өзінде асылтұқымды қой мен сиыр өсіретін 30-ға жуық отбасылық ферма құрылды. Көшпелі семинарда мал азығын дайындау, ет өнімдерін қайта өңдеу ісіне басымдық беру жолдары талқыланды. 

Есет Байкен, облыс әкімі:

- Бізде азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты 31 позиция үнемі бақылауда болады. Қазіргі кезде өзіміздің өңіріміз – Ұлытау облысы – оның 8 түрі бойынша қажеттілікті қамтамасыз етіп отыр. Яғни қалған өнімдер бойынша болашақта даму перспективасы бар деген сөз. Біз 31 өнімнің кем дегенде 60–70 пайызын өзіміз өндіруіміз керек.

Жиында мал шаруашылығы үшін жем-шөп қорын дайындау, егін алқаптарының өнімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте келер жылы суармалы егіс алқабын 7,5 мың гектарға ұлғайту жоспары бар. Өңір басшысы жоспарды табысты іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты шаруаларға кеңінен әрі түсінікті түрде жеткізу қажеттігін айтты. 

Нұрсұлтан Жарылғапов, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:  

- Табысқа жету үшін біз заманауи технологияларды қолдануымыз керек. Суармалы егістіктерді дамыту, асыл тұқымды мал мен репродукцияны көбейтуіміз керек. Қазіргі уақытта алдымызға қойып отырған мақсаттарымыз көп. Малды тек өсіріп қана қоймай, әрі қарай оны өңдеу, қайта өңдеу кәсібін дамытуымыз қажет.

Агросаланың одан әрі дамуына серпін беру үшін мемлекеттік қолдау қаражатының мақсатты жұмсалуы мен игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмыстарына бақылау күшейтіледі. Қазір өңірде шаруа қожалық иелерінің меншігінде 60 мың гектардан астам жер игерілмей жатыр. Ол жерлер кері қайтарылып, жұмыс істеймін деген шаруаларға берілуі тиіс. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева