Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Жосалы кентін теміржол желісі қақ жарып өтеді. Халық саны мен көлік қозғалысы артқан сайын теміржол өткеліндегі мәселе де күрделене түскен. Пойыз өткен кезде өткел жабылып, көліктер ұзын сонар кептелісте қалады. Әсіресе жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру көліктерінің бөгелуі тұрғындарды алаңдатады. Мәселені шешудің тиімді жолы ретінде теміржол үстінен автокөлік көпірін салу көзделіп отыр.
Жосалыда 22 мыңға жуық халық тұрады. Мұнда 120-дан астам әлеуметтік нысан орналасқан. Пойыз өткен сайын теміржол өткелі жабылып, ұзын сонар кептеліске ұласады.
Алпысбай Серкешбаев, Жосалы кентінің тұрғыны:
- Жаңадан көпір салынса, өте жақсы болар еді. Өйткені көлік кептелісі азайып, бір жақтан екінші жаққа қатынау, жұмысқа бару, балаларды мектепке апару ыңғайлы әрі уақытты көп алмайтын болар еді. Әсіресе жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметтері кептеліссіз бір беттен екінші бетке өз уақытында жете алатын еді деп түсінеміз.
Теміржол үстінен өтетін көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. «Жобаның жалпы құны 5,5 миллиард теңге», - дейді мамандар.
Бақытбек Жылтыров, Қармақшы аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- 2023-2024 жылдары жоба сметасы жасалып, сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда жеңімпаз анықталды. Қазіргі таңда соған байланысты 5,5 миллиард қаржы қажет етеді. Оған байланысты республикалық бюджетке бюджеттің өтінімдерін тапсырып қойғанбыз. Алдағы уақытта осы бюджет жоспарлы түрде бөлінген жағдайда осы мосттың жұмыстарын бастаймыз деген жоспарымыз бар.
Жоба бойынша екі жолақты автокөлік көпірінің ұзындығы 85 метр болады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Мамандардың айтуынша, қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін басталады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин