Қазірдің өзінде үш учаскеге жаңа металл төсем төселіп, өткелдердің жағдайын жақсарту қолға алынған. Бұл күн сайын көлікпен қатынайтын қала тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық. Себебі ой-шұңқыры көбейіп, жүруге қолайсыз болған өткелдер көліктің жүріс бөлігіне едәуір зиян келтіріп келген.
Олег Черновтың көлік тізгіндегеніне 12 жыл болған. Курьер болып жұмыс істейтіндіктен, күні бойы жол үстінде жүреді. Айтуынша, теміржол өткелдерінің нашар жағдайы көлігінің жүріс бөлігіне жиі зақым келтіреді.
Олег Чернов, жүргізуші:
- Күніне орта есеппен 10 сағаттай көлік жүргіземін. Тапсырыс жеткізу кезінде осы өткелдерден кемінде 15 рет өтемін. Көліктің жүріс бөлігі бұзылады. Яғни көлікке айтарлықтай зиян келеді. Бұрын бұл жермен жүру өте қиын болатын.
Теміржол өткелдерін жаңғырту жұмыстары облыстық прокуратура жүргізген тексеруден кейін қолға алынған. Тексеру барысында жолдардың жағдайына қатысты бірқатар мәселе анықталған. Бұл олқылықтар арнайы үйлестіру кеңесінде қаралып, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты жоспар әзірленген.
Қуат Бапинов, Абай облысы прокуратурасы аппараты басқармасының прокуроры:
- Жол қозғалысын ұйымдастыруда заманауи тәсілдерді енгізу жеке бағыт ретінде белгіленді. Оның ішінде жаңа үлгідегі жол таңбаларын, яғни теміржол өткелдеріне металл төсемдер төсеу қарастырылған. Қазірдің өзінде Каржаубайұлы көшесіндегі, Матросов көшесіндегі және Алматы бағытына шығатын жолдағы теміржол өткелдері жаңартылып жатыр.
Алайда мәселе тек көлік қозғалысымен шектелмейді. Теміржол өткелдеріндегі жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де алаңдатарлық күйде. Өткен жылы «Жансая» базары маңындағы теміржол өткелінде екі қайғылы оқиға болған. Сәуір айында жүк пойызының астына түскен әйел қаза тапқан. Ал қазан айында 23 жастағы жігіт пойыздың астына түсіп, аяғынан айырылған. Бұл жағдайлар теміржол маңындағы қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп отыр.
Әділбек Увасилов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қаламыздың орталығындағы аса қауіпті орындардың бірі – Орталық базар мен педагогикалық колледж маңы. Қазір жобалаушылармен және мердігер ұйымдарымен бірлесіп, зерделеу-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, теміржол өткелін астынан немесе үстінен өткізу бойынша алдын ала жобалар жасап жатырмыз.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алғашқы нақты қадамдар жасалып жатыр. Теміржол вокзалы аумағында ұзындығы 300 метрден асатын жерасты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Осындай өткелді Треугольник шағынауданындағы теміржол өткелінде де салу жоспарланып отыр.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков