Елімізде жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігіне оқытатын оқу орталықтарына талап күшейеді.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Енді аталған орталықтар бір реестрге тіркелуі тиіс және оқытудан өткен жұмысшылар мен оларды оқытқан дәріс берушілер туралы ақпарат ортақ деректер базасына түсуі қажет.
Қазір Қазақстанда ондай 227 оқыту орталығы бар. Бірақ оларда лекторларға қойылатын бірыңғай талап, олардың құзыреттерін растаудың тетігі және оқыту нәтижелерін орталықтандырылған есепке алу жүйесі жоқ. Одан бөлек, кәсіпорындардың да шын мәнінде қанша адамды оқытуға жібергені белгісіз. Министрлік бекіткен жаңа қағидалар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Әлімжан Бекмағамбетов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институтыбас директорының орынбасары:
- Біз елімізде қанша адамның оқудан өтіп, сертификат алғанын, білімдерін тексергенін білгіміз келді. Бірақ қарап отырсақ, қазір бұл көрсеткіштер, өкінішке қарай, өте аз және қолымызда ресми мәлімет жоқ. Біз тек қанша жұмыс берушінің бұған ақша жұмсағанын білеміз. Мысалы, еңбек қауіпсіздігі жағдайын жасау үшін 2024 жылы жалпы 400 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Оның ішінде 5 млрд теңгеден астамы тек оқытуға бағытталған.