Елде зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндігі кеңейеді

  • 10
  • 19.08.2026, 19:35

Қыркүйектен бастап Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Соған сәйкес, азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға толық көлемде сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтардың тек 50 пайызына дейін қолданылған еді. Зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшыларды қолдау бағытында да өзгеріс бар.

Елімізде зейнетақы жүйесін жаңартуға бағытталған жұмыс жалғасып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл ел азаматтарының табысын арттыруға арналған. Әлеуметтік кодекске енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, азаматтар енді ерікті, міндетті және кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтарды да жеке басқаруға бере алады.

Айдын Дәулетбақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары:

- Салымшыларға портфельдің үш түрі қолжетімді. Консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдер түрі. Консервативті портфель салымшылардың барлық санаттарына арналған. Қалыпты портфель зейнеткерлікке шығуға 3 жылдан астам уақыты бар салымшыларға қолжетімді. Ал тәуекелді портфель 13 жылдан асатам уақыты бар салымшыларға арналған. Заңнамада портфель тәуекелінің шекті көрсеткіші белгіленген. 

Зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі анықталды. Олардың қатарында Қазақстанның және шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздары, компаниялардың акциялары мен облигациялары, сондай-ақ белгілі бір талаптарға сәйкес келетін банктердегі салымдар бар. Ал цифрлық активтер мен криптовалюта секілді жоғары тәуекелді құралдарға зейнетақы ақшасын салуға болмайды. Салымшылардың қаржысы да заң жүзінде қорғалады. Зейнетақы активтері басқарушы компанияның меншігіне өтпейді. Компания банкрот болған жағдайда бұл активтер оның мүліктік қорына қосылмайды. 

Айдын Дәулетбақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары:

- Басқаруға тек қаржылық тұрғыдан орнықты компаниялар ғана жіберіледі. Олар арнайы талаптарға сай болуы керек. Оның ішінде 440 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі меншікті капиталы болуы тиіс. 5 млрд теңгеден асатын активтерді кемінде 3 жыл басқару тәжірибесі бар және ірі акционері немесе «үш В»-ден төмен емес рейтингі бар бейрезидент акционерінің болуы бойынша талаптар енгізілген. 

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаратын 6 компания бар. Бұдан бөлек, Әлеуметтік кодексте зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшыларды қолдау туралы бағыт та болады. Бүгінде осы санатта еңбек ететін 20 мыңнан астам азамат тиісті төлем алады. 

Гүлмира Сүлейменова, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы: 

- Осы 20 мыңнан астам алушылардың жалпы бюджеттен және басқа да көздерден төленетін қаржының көзі 4 млрд-тан астам. Бұл аталған жәрдемақы жылдан жылға асып келе жатыр. Бұл дегеніміз осы аса зиянды жұмыста жасаған азаматтарды әлеуметтік қолдауға арналған біздің іс-шараның тиімділігін көрсетіп отыр. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енгізілетін өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуға, азаматтардың таңдау мүмкіндіктерін кеңейтуге және нарықтың кәсіби қатысушыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов