«Байтақ» партиясының сайлауалды үгіт-насихат іс-шаралары Астанада жалғасты. Бұл жолы партия өкілдері «Жасыл аймақ» қызметкерлерімен кездесіп, саяси ұйымның бағдарламасымен таныстырды.
Кездесу барысында экология мәселелері көтерілді. Қала ішін абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын уақытылы бастауға қатысты ұсыныстар айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жиынға қатысушылар экология саласына қатысты өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Нариман Баубек, «Байтақ» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы:
- Бүгінгі жиынның мен үшін маңызы зор. Себебі мұнда экологиялық түйткілдерге бей-жай қарамайтын азаматтар жиналды. Мен өз баяндамамда қазіргі ғаламдық экологиялық ахуал қаншалықты қиын екенін түсіндіруге тырыстым. Бұл сөз жүзінде ғана көтеріп қоя салатын дүние емес. Ғалымдар: «2030 жылға қарай су тапшылығы болады», - деп болжап отыр. Бұл алаңдатарлық тақырып. Сондықтан бұл істе бірігіп әрекет ету маңызды. Өйткені табиғат, су, жер – ол біздің кейінгі ұрпаққа қалдыратын ең маңызды құндылығымыз.