Қызылорда облысында сапалы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Өңірде инфрақұрылымды жаңартуда әсіресе ауылдық елді мекендердің жолдарына басымдық беріліп отыр. Мысалы, Қармақшы ауданында ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерін жалғайтын маңызды жол пайдалануға берілді.
Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерін жалғайтын жол күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 5 шақырымнан асатын бұл бағыт ұзақ жылдар бойы шұрық-тесік болып жатқан еді. Жөндеу жұмыстарынан кейін тақтайдай тегіс әрі қауіпсіз жолға айналды.
Төлеміс Әлиев, Төретам кентінің тұрғыны:
- Бұрынғы жол тұрғындарға да, көлік жүргізушілеріне де жақсы таныс еді: шұрық-тесік болғандықтан, көліктің жүріс бөлігіне зақым келтіріп, қалтаға салмақ түсіретін. Қазір жол тегіс, таза, көлікпен жүруге қолайлы. Бұл уақытты да үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қармақшы ауданында кейінгі жылдары барлық елді мекеннің кіреберіс жолы толық асфальтталды. Биыл тағы 12 шақырымға жуық ауыл көшесі жаңарады. Бұдан бөлек, «Жалағаш-Жосалы» тасжолындағы теміржол өткелі де күрделі жөндеуден өтуде.
Бақытбек Жылтыров, Қармақшы аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Жосалы кентті және елді мекендердің арасында 38 көшенің жобасы дайын болып, сараптамадан барлығы өткізіліп, келісімшарт бойынша жеңімпаз мекеме «Орда Автодор» жеңімпаз болып танылды. Алдағы уақытта осы 38 көшеміз тағы да қосымша осы асфальт төсеніштерімен төселетін болады.
Соңғы 4 жылда Сыр өңірінде 1 700 шақырым автожол мен 35 көпір салынды. Нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті. Биыл тағы 141 шақырым жол мен 70 көше қайта жаңғыртылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин