Таразда 500-ге жуық көшеде асфальт жоқ. Арасында 30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген жолдар да бар. Биыл тозығы жеткен көшелерді толық жөндеп, тар жолдарды кеңейтуге шамамен 5 миллиард теңге бөлінді.
Қойгелді көшесінің 3,2 шақырымдық мына бөлігі 30 жылға жуық жөндеу көрмеген. Жол жабыны әбден тозып, шұңқырлар мен ойықтар пайда болған. Қазір жаңа асфальт төселіп жатыр.
Бауыржан Дүйсенбиев, қала тұрғыны:
- Бұрын жол шұқыр-шұқыр, нашар еді. Мына жолдың айналмажолын да салып жатыр. Мынау айналмажолдар көлік кептелісін болдырмауға жақсы нұсқау қосып жатыр десек болады.
Ұзындығы 5 шақырымнан асатын Асқаров көшесіне екіқабат асфальт төселіп бітті. Төле би даңғылынан Сүлейменов көшесіне дейінгі екі шақырым жол да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ені кеңейіп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда.
Мұратбек Есебаев, мердігер компания директоры:
- Бұл Рысбек батыр көшесі. Көшенің ұзындығы 1,9 шақырым. Ескі асфальтын алып тастап, жаңа асфальт салдық. Көшені 7 метрден 12 метрге дейін кеңейттік. Қосымша автотұрақ жасадық, халықтың сұранысы бойынша
Таразда 1700-ден аса көше бар. Соның 500-ге жуығы жөндеуді қажет етеді.
Дамир Жаманбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Биыл қалада 7 көше қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Оның бір бөлігі былтыр басталған өтпелі нысандарға жатады. Қалған көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жол жөндеу жұмыстарына 4,8 млрд теңге бөлінген. Қазір 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары, тағы 10 көшеде орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда қалада 375 көше жөндеуден өтті. Оның ішінде өтпелі нысандар да бар. Осы жұмыстарға жалпы 18 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Келер жылы қалада 43 көше жөнделеді. Оның 38-і орташа жөндеуден өтсе, қалғанына жаңа асфальт төсемек.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан