Алматыда жатақханадан орын жетпеген студенттер хостел мен қонақүйге орналасады. Соңғы дерек бойынша 5 мың 700 адамға жатақханадан орын тимеуі мүмкін.
Бұл туралы Алматыда өткен брифингте Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек айтты. Қаладағы 35 жоғары оқу орнында 221 мың студент білім алады. Соның жартысынан көбі басқа өңірден келген. Соңғы бір жылда мегаполисте орын тапшылығы төрт есе қысқарды. Былтыр бұл көрсеткіш 24 мыңға жуық болған.
Қазір барлық жоғары оқу орнының жанында ахуал орталығы жұмыс істеп тұр. Яғни қиын жағдайда қалған студентке қайда жүгіну керектігін түсіндіреді. Келген күні қонатын жер таппай қалса, дағдарыс орталығына хабарласуына болады. Ол жерге 50 төсек қойылған. Жатақханадан орын ең алдымен, 1-ші және 2-ші курс студенттеріне беріледі. Ал жоғары курста оқитындар хостел мен қонақүйлерге орналаса алады.
Әзиз Қажденбек, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Олар жатақхана ретінде қызмет етеді. 11 мың төсек орын дайындап отырмыз. Біз оны жатақхана деп санамаймыз. Осы жылы қонақүй бар. Ендігі жылы болмауы мүмкін. Сондықтан біз 5 мың 700 тапшылық әлі бар деп айтамыз. Бірақ 5 мың 700 адам далада қалмайды. Ол 5 мың 700 адам адам жаңағы қонақүй мен хостелдардың келісімшарты бойынша өз талабымен орналасатын болады.
Алматыда жатақхана мәселесі 2030-шы жылға дейін түбегейлі шешіледі. 20 мың төсектік студенттер үйі салынады деп жоспарланған. Қазір жатақхана мен қонақүй, хостелді қосқанда барлығы 61 мыңнан астам орын дайын тұр.