Қарағандыда жаңа автодром ашылады

  • 6
  • 19.08.2026, 19:59

Қарағандылықтар D санатты жүргізуші куәлігін алу үшін енді елордаға бармайды. Облыс орталығында заманауи автодром ашылады. Практикалық емтиханды жергілікті жерде тапсыруға болады. Аумағы 12 мың шаршы метр болатын алаң толық жабдықталған. Инвестордың қаржысына салынған нысан жақында пайдалануға беріледі.

Қуаныш Ризабек автопаркке жұмысқа орналаспақшы. Ол үшін D санатындағы жүргізуші куәлігі керек. Алдымен, Астанаға барып, практикалық емтихан тапсырады. Барып- келу шығынын ескерсек, қалтаға салмақ. Ал емтиханнан өте алмаса, қайта баруына тура келеді.

Қуаныш Ризабек, қала тұрғыны:

- Бұл шынында үлкен мәселе. Мен ғана емес, таныстарым да жүргізуші куәлігін алу үшін Астанаға баратын. Барып-келуге қаражат қажет. Оны кейбірінің қалтасы көтермейді. Облыс орталығында емтихан тапсыру мүмкіндігі қарастырылса деген тілегіміз бар.

Қарағандыда жаңа автодром пайдалануға берілген кезде көршілес Ұлытау облысының тұрғындары да  игілігін көреді. Әйтпесе елордаға дейін 700 шақырым жол жүретін. Жеңіл автокөлік , автобус пен тіркемесі бар жүк көлігіне қажетті куәлікті алу үшін емтиханды жаңа нысанда тапсырады. Жоба инвесторының айтуынша, бұл елдегі ең үлкен автодром.

Саламат Мұқашев, жоба инвесторы:

- Жоба халық игілігі үшін салынды. Мұнда екі халыққа қызмет көрсету орталығы орналасады. Сондай-ақ барлық санат бойынша практикалық емтихан тапсыруға болады. Аумақта көліктерді тексеруден өткізуге арналған нысан да бар. Сонымен қатар техникалық байқау орталығы мен оқу сыныбы қарастырылған.

Нысан интернет желісіне қосылып, қажетті құрылғылар орнатылғаннан кейін халық игілігіне беріледі. «Жоба жүзеге асқан кезде жұмыссыз жүргендер азаяды», - дейді мамандар. Себебі қаладағы автопарктердің біріне 50-ге жуық автобус жүргізушісі қажет. D санатындағы куәлігікті алу жеңілдегеннен кейін бұл мәселе шешімін таппақ. 

Асланбек Шығыр, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит