Қазақстан мен Өзбекстан судьяларды даярлау тәсілдерін талқылады

  • 5
  • 19.08.2026, 19:44

Елордада Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов, Өзбекстан Жоғары судьялар кеңесі төрағасының орынбасары Нодира Бобохоновамен кездесті. Өзбек делегациясына елдегі судьяларды даярлау мен іріктеудің жаңа тәсілдері таныстырылды.

Кездесуде конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету, судья мамандығының тартымдылығын арттыру тақырыптары жан-жақты қаралды. Өзбекстандық әріптестер Судьялар жюриінің тәртіптік практикасына да қызығушылық танытты. Тараптар судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігі арасындағы теңгерімді сақтау мәселесіне де ерекше назар аударды.

Нодира Бобохонова, Өзбекстан Республикасы Жоғары судьялар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Қазақстан Жоғары Сот Кеңесінің жұмысымен танысу сот реформасының негізгі бағыттарын көрсетеді. Бұл цифрландыруға және барынша ашықтықты қамтамасыз етуге негізделген жүйелі тәсіл. Біз үшін Жоғары Сот Кеңесінің ашық диалогқа даярлығы аса маңызды. Қазақстанның тәжірибесін, әсіресе Судьялар жюриінің жұмысын және судьяларды іріктеу тетігін зерттеуге мүдделіміз. Қазақстан мен Өзбекстанның сот институттары арасындағы мұндай тәжірибе алмасу екі елге де кәсіби әрі тәуелсіз судьялар корпусын дамытуға мүмкіндік береді деп сенеміз.