Киік мүйізі алғаш рет заңды аукционға шықты

  • 6
  • 20.08.2026, 19:35

Ертең киік мүйізі алғаш рет ірі көлемде заңды аукционға шығарылады. Тиісті лот осы айдың басында электронды сауда алаңы e-Qazyna порталына орналастырылған болатын. Оған қатысу үшін өтініш беру керек. Жоспар бойынша сауда 21 тамыз сағат 10:00 де басталады. Аукционға қанша мүйіз шығарылады? Оның бастапқы құны қандай? Түскен қаражат қайда жұмсалады?

Бұл кейіпкеріміз – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Ануарбек Бермағанбетов. Оның айтуынша, мемлекет балансына соңғы үш жылда 232 мың киік мүйізі жиналған. Салмағы– 36 тонна. Міне, соның бір тоннасын жақында сату туралы шешім қабылданыпты. Аукционға қойылған мүйіздердің орташа ұзындығы – 25 сантиметр. Бір келісінің бастапқы құны 2 600 доллар.

Ануарбек Бермағанбетов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы:

– Ең төменгі баға – сол. Жоғары бағамен ойнатылады. Ағылшын тәсілі дейді ғой, ең көп баға берген адам ұтып алған болып саналады. Қазіргі уақытта мың келі ойнатылып жатыр.

Қоймада бұдан да көп өнім бар. Алайда, оның барлығы бірден саудаға шығарылмайды. Бұл – халықаралық талап. Қазақстан – ақбөкеннің негізгі мекендейтін орны. Оларды ерекше қорғауға алғалы, саны 4-5 есеге артты. Жануарлардың шабындықтарды жеп, егістікті таптауы жиілеп кетті.  Популяция санын реттеу үшін 2025 жылы 196 мың киік ауланған. Нәтижесінде, комбинаттарға 3,9 мың тоннадан астам ет тапсырылған. Аукционға солардың мүйіздері шығарылып жатыр. Үкіметтің есебінше, бір тонна өнімнен кем дегенде 1,2 млрд теңге түседі. Ол қайда жұмсалады?

Ануарбек Бермағанбетов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы:

Біздің комитет тарапында «Охотзоопром» деген мекеме бар. Киік қорғау іс-шараларын жүргізетін сол мекеме. Сол мекеме қандай іс-шаралар жүргізеді, сол бағыттарға жұмсалады бұл ақша. Ол жерде инспекторларды оқыту бар, жобаларды іске асыру бар. Табиғатты қорғау шараларына жұмсалады. Техника алу, жанар-жағармай.

Киік мүйізі – қара нарықтағы ең өтімді тауарлардың бірі. Сұраныс бар жерде заңсыз аулау да тыйылмай тұр. Соңғы екі жылда 47 браконьерлік дерек анықталған. Құқық қорғау органдары мыңдаған мүйізді тәркілепті.

Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ баспасөз хатшысы:

– Аталған қылмыстық істер бойынша жалпы 2153 киік мүйізіне алу жүргізілген. 2025 жыл – 649, 2026 жылдың 7 айы – 1504.

Осы жерде ескеретін жайт, халықтың қолындағы және браконьерлік жолмен алынған мүйіздер ресми саудаға жіберілмейді.  Мемлекет киік популяциясын бақылау мен заңсыз айналымға қарсы күресті қатар жүргізіп отыр. Ал аукцион нәтижесі алдағы күндері жарияланады.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов.