Шымкентте ескі суағар каналын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысқа жергілікті бюджеттен 599 миллион теңге бөлінді. Ауқымды гидротехникалық жоба Елтай тұрғын алабындағы үш мыңнан астам үйді тасқын мен жауын суынан болатын селден қорғауға мүмкіндік береді. Бұған дейін нөсер кезінде ескі арнадан су бірнеше рет тасып, көшелерді басқан. Төтенше жағдай соңғы рет шілде айында тіркелді. Мәселені шешу үшін канал жыл соңына дейін тереңдетіліп, жағалауы толық бетондалады. Су Тоғыс арнасы арқылы Бадам өзеніне құйылады. Жоба іске асқан кезде секундына бес текше метрден астам су өткізуге болады. Мамандардың айтуынша, инженерлік инфрақұрылым аумақтағы су тасқыны қаупін толықтай сейілтеді.
Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Елтай елді мекеніндегі көшелерді, үй аулаларын су алған жайттар болған. Осы бетондау жұмыстарын толығымен аяқтаған кезде тау етегінен келетін су тасқынына қарсы жұмыстар болып қарастырылады.