Екібастұзда есірткі өндіретін зертхана анықталды

  • 5
  • 20.08.2026, 19:49

Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жабылды. Белгілі болғандай, ағайынды екі азамат тұрғын үйдің ауласындағы гаражда тыйым салынған заттарды өндірумен айналысқан. Тінту барысында, 10 келіден астам «альфа-PVP» психотропты заты, 860 литр химиялық сұйықтық, зертханалық ыдыстар, таразы және қорғаныс құралдары тәркіленді. Күдіктілердің жұмысын «Signal» мессенджеріндегі куратор үйлестіріп отырған. Күдіктілер қамауға алынды.

Бақытжан Әмірханов ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы:

- Есірткі өндірісін ұйымдастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Енді ұйымдастырушыларға тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жазалау шарасы тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ есірткі бизнесін ұйымдастыруға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бойынша одан әрі іс-шаралар жүргізілуде.