Павлодар облысында 522 сайлау учаскесі Құрылтай депутаттарының сайлауына дайын. Дауыс беру күні учаскелердегі қауіпсіздік басты назарда болады. Барлық нысан алдын ала техникалық және өрт қауіпсіздігі талаптарына тексерілді. Сайлау күні учаскелерде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Құқық қорғау органдары сайлау комиссияларымен бірлесіп жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда жедел әрекет ету тәртібі де алдын ала пысықталған. Сонымен қатар сайлау бюллетеньдерін жеткізу және күзету жұмыстары қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылады.
Гүлнар Аманжолова, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлау күні барлық сайлау учаскесінде ішкі істер органдарының қызметкерлері кезекшілік етеді. Егер қандай да келеңсіз жағдай туындаса, олар дауыс беру бөлмесіне тек сайлау комиссиясы төрағасының шақыруымен кіреді. Қоғамдық тәртіп қалпына келтірілгеннен кейін немесе комиссия төрағасының өтініші бойынша дауыс беру бөлмесінен дереу шығуға міндетті.