Құрылтай сайлауы: ҚХП мыңнан астам іс-шара өткізді

  • 3
  • 20.08.2026, 19:43

Сайлауалды науқан мәресіне жақындап келеді. Жоспар бойынша Қазақстанның Халық партиясы өзге өңірлерде де сайлаушылармен кездесулер өткізіп, қоғамдық пікірталастарға қатысып, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстыруда. Саяси ұйым өкілдері бүгін осы іс-шаралардың алдын-ала қорытындысын шығарды.

Қазақстанның халық партиясы сайлауалды науқаны кезінде мыңнан астам іс-шара өткізді. Олардың барысында партия өкілдері әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау және өңірлерді дамыту мәселелерін көтерді. Өңірлердің ерекшелігіне байланысты сайлаушылардың кандидаттарға қойған сұрақтары да әртүрлі болды. Кездесулерде тұрғындар инфрақұрылымның жай-күйі, коммуналдық қызметтердің құны, медициналық көмектің және жұмыс орындарының қолжетімділігіне қатысты мәселелерді қозғапты.

Ислам Сұңқар, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

– Жалпы, ҚХП 155 сайлауалды штаб құрды. Белсенді үгіт-насихат жүргіздік. Біз мыңнан астам шара өткіздік. Біздің кездесулеріміз тек қана өзіміздің бағдарламаны түсіндірумен өткен жоқ, халықпен ашық әңгіме жүргіздік. Халықтың ұсыныстарын жинап алдық.

Айта кетейік, Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер тізімін Орталық сайлау комиссиясы 20 шілдеде тіркеді. Тізімге 72 кандидат енді. Олардың қатарында түрлі кәсіби және әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Солар бастаған үгіт-насихат топтары еліміздің барлық өңіріне барып үлгеріпті. Іс-шаралардың форматы да әртүрлі болды. Еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізумен қатар, ашық пікірталастарға да қатысты.

Ислам Сұңқар, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

Сонымен қатар, біз 200 мыңнан астам үгіт материалдарын шығарып, халық арасына тараттық. Және де әртүрлі медиаплатформаларда 1,5 мыңнан астам жарияланым жасадық. Олар жалпы есепте 5 млн қаралым жинады. Менің ойымша, алғашқы Құрылтай сайлауы қарқынды және бәсекелі өтіп жатыр. Оны барлық партиялардың жұмыстарына, мына өтіп жатқан дебаттарға қарасақ та, нақты айта аламыз.

Сайлауалды үгіт кезеңінің аяқталуына бір күн қалды. Халық партиясы тек Астананың өзінде екі іс-шара өткізуді жоспарлауда. Бірі – кездесу болса, енді бірі форум түрінде ұйымдастырылмақ. 22 тамыз – еліміз бойынша тыныштық күні. 23 тамызда дауыс беру өтеді.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Мейірбек Бесбаев.