Шымкентте электр энергиясын алудың жаңа тәсілдері таныстырылды

  • 94
  • 21.08.2026, 19:45

Ғалымдар тапшылықтың орнын толтыру үшін жинақтаушы желілік станция құрылысын салуды ұсынады. Ал қарапайым инженер Әбен Бұлтанов магнит өрісі арқылы электр тогын өндіретін бірегей қондырғы құрыстырып, тұрақты түрде қуат алудың тиімді жолын тапты. Инженерлік жобаға ресми патент те берілген. 

Әбен Бұлтанов ұсынған бұл құрылғы магнит өрісінің күші арқылы электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше сыртқы қосымша отынды немесе табиғи ресурс көздерін қажет етпейтінін айтады. Нәтижесінде дәстүрлі электр желілеріне деген тәуелділіктен арылуға болады. 

Өнертапқыштың инженерлік жобасы баламалы энергия көзі ретінде қарастырылып отыр. Бірегей қондырғы 2016 жылы ресми түрде патенттелді. Қазір автономды және мобильді электр станциясына сұраныс артып келеді. Орталық Азия елдерінен бөлек, Корея, Германия және Қытай мамандары да қызығушылық танытқан. Ал жетпістен асқан Әбен Бұлтанов отандық өнертабысты әрі қарай жетілдіріп, ішкі нарыққа шығаруды көздейді. 

Әбен Бұлтанов, өнертапқыш:

- Жоба толық қой қазір. 10 кВт, 50 кВт, 100 кВт жинай аламын. Тек қана материал болса болды ғой. Мақсатым – сол елімізге электр тогын беру. Осыдан бесеуін жинасақ, 50 кВт  шығады. 50 кВт дегеніміз 80 үйге жетеді. Аз кернеу емес қой ол. 

Оңтүстікте электр энергиясына деген қажеттілік сағатына 560 МВт-қа жетті. Сала мамандарының айтуынша, өңірдегі дәстүрлі өндіріс көздері оның жартысын да қамти алмайды. Сондықтан іргелі оқу орындарының магистранттары мен доктораттары энергия көздерін жинақтап, оны жобалауға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алды. 

Гүлзухра Тұрымбетова, Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер кафедрасының меңгерушісі:

- Кафедраның да негізгі бағыттарының бірі – осы біздің корпустарды, оқу ғимараттарын электр энергиясымен қамтамасыз ету. Сол себепті желілік электр станциялары жобаланып отыр. 

Ғылыми жоба білім алушылардың демалыс күндерінде артық энергия қуатын жинақтау мақсатында қарастырылады. Қазір станция құрылысына қажетті құжаттар әзірленіп, оны басқару тетіктері пысықталып жатыр.

Мамандардың айтуынша, бұл жүйе электр энергиясын едәуір үнемдеп, тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов