Қазақстан Халық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. Өткен бір ай ішінде партия өкілдері мен жақтастары елдің әр өңірінде кездесулер өткізіп, сайлаушылармен пікір алысты. Науқан барысында әлеуметтік түйткілдерге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге басымдық берілді. Партия жақтастарының басын қосқан арнайы форум өтіп, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері талқыланды.
Партия жақтастары форум барысында сайлауалды науқанның негізгі бағыттарын саралады. Белсенділер өңірлердегі кездесулер, тұрғындармен жүргізілген түсіндіру жұмыстары және сайлаушылардан түскен ұсыныстар туралы айтты. Жалпы Қазақстан Халық партиясы 155 сайлауалды штаб құрған болатын. Әр топ өзіне бекітілген аумақ бойынша белсенді үгіт-насихат жүргізді.
Эльмира Әуезова, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Өзім бірнеше өңірде болдым. Насихат жұмыстары басталғанда Астанаға келіп, ашылуына да қатыстым. Сонымен қатар Павлодар облысында, Астанада, Алматы облысының түкпір-түкпіріндегі өңірлердің барлығында, Алматы қаласында насихат жұмыстарына белсенді қатыстық.
Жиында партияның сайлауалды жұмысына атсалысқан белсенділердің еңбегі атап өтілді. Олардың қатарында түрлі сала мен әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Олар бастаған топтар елдің барлық өңіріне барып үлгерді.
Бейбіт Құсайынов, Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары:
- Осы үгіт-насихат жұмысы барысында 1 109 кездесу ұйымдастырдық. Оның 80 пайызын филиалдарымыз өткізді. Кездесулерге партия өкілдері мен партия мүшелері қатысты. Оған қоса, әлеуметтік желілерде 15 миллион қаралым жинадық. Бүгін партиямыздың штабында, орталығында жақтастарымыздың форумын ұйымдастырдық. Бұл форумға тізім бойынша кандидаттарымызды, партия мүшелері мен белсенділерімізді шақырдық.
Ирина Смирнова, Қазақстан Халық партиясының мүшесі:
- Біздің 20 өңірде орналасқан филиалдарымыз өте ауқымды әрі сапалы жұмыс жүргізді. Біз шешуді қажет ететін көптеген мәселелерді анықтадық. Қазір бұл мәселелердің барлығы сараланып, арнайы картаға түсіріліп жатыр. Негізгі мақсатымыз – елдегі қалыптасқан жағдайды жақсы жаққа өзгертуге ықпал ету.
Сайлауалды науқан аясында партия белсенділері қоғамдық жұмыстарға да атсалысты. Мәселен, жақтастардың қатысуымен сенбілік ұйымдастырылып, Астананың оң жағалауындағы аумақ тазартылды.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамалар азаматтық белсенділікті арттырып, тұрғындардың өмір сүру ортасын таза ұстауға себеп болады.
Сондай-ақ партия өкілдері елімізге келген халықаралық байқаушылар тобымен кездесті. Олардың қатарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясынан келген өкілдер де бар. Тараптар алдағы кезеңдегі ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталып, сайлау процесін бақылау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер тізімін Орталық сайлау комиссиясы 20 шілдеде тіркеді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев