«Байтақ» партиясы 30 күндік сайлауалды науқанын аяқтады

  • 8
  • 21.08.2026, 19:39

«Байтақ» партиясы сайлауалды үгіт-насихат тобының жұмысын тоқтатты. Осы электоралды кезеңде саяси ұйым мүшелері елдің түкпір-түкпірін аралап, экологиялық бағытта біршама жиын өткізген. Кездесу барысында аймақтарда қордаланған тақырыптар талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылған. Партия төрағасының сөзінше, ұйым жақтастарының саны артқан. Тіпті құрылғалы бері біршама өңірде филиалдары ашылып, жүйелі жұмыс тәртібіне көшкен. Ал бұл жолғы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Нәтижесінде мыңнан астам жиын өткізіліпті. Партияның 30 күнде атқарған жұмысын әлемдік бақылаушылар тексеріп жатыр.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» партиясының төрағасы:

- Сайлауалды жұмыстардың соңғы күні. Әрине, біздің партияластарымыз әр аймақта, әр ауылда, әр ауданда, әр облыс орталығында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Біздің партиямыз үгіт-насихат экологиялық керуенін жүргізді. Аралдан бастадық. Сол арқылы Арал арқылы әлемдік экологиялық катастрофаны көрсеттік. Бұл бізге маңызды екенін.

Айтпақшы, партия мүшелері ұйымның әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген насихат жұмыстарын жоғары бағалап отыр. Нәтижесінде ел арасындағы партияның танымалдылығы 9 есе өскен. Сондықтан жасылдар партиясының өкілдері бұл жолғы сайлауда жақсы нәтиже көрсетеміз деген сенімде.

Алмат Тұртаев, «Байтақ» партиясының атқарушы хатшысы:

- Барлық саяси процесс аяқталған соң біз өзіміздің жасаған жұмысымызға анализ жасаймыз. Бұн не үшін керек десеңіз, бұл алдағы уақыттағы біздің бағытымыз бен жоспарымызды айқындауға ықпал етеді. Себебі біздің жақтастарымыздың да саны артып келеді. Әлеуметтік желілердегі жұмысымыз жүйеленді. Яғни бұл бізге ары қарай нық қадам басуға жол ашады. Менің өзім осы сайлау қарсаңында еліміздің бірнеше өңірін аралап, жұртшылықпен кездестім. Көңіл бөлінуі тиіс тақырып көп. Бізге сенім артқан, қолдау білдірген барлық азамааттарға алғыс білдіреміз.