«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаттары үгіт-насихат науқанының соңғы күнінде киелі Түркістанға барды. Депутаттыққа кандидаттар жиһаз зауытының ұжымымен кездесті. Жұмысшыларға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, шағын және орта бизнеске жағдай жасау, жастарды тұрғын үймен қамту және жұмыссыздықты жою мәселесін талқылады. Кездесуде сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі, несие мөлшерлемелерін төмендету және еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мәселелері сөз болды.
Ашық диалог барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері елдің барлық өңірінде сайлауалды кездесу өткізді, оған 150 мыңнан аса адам қатысқан.
Қазыбек Иса, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Экология мәселесіне қатысты көптеген ұсыныс айтылды. Сонымен қатар Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы су мәселесі де көтерілді. Бұдан бөлек, білім беру, жоғары білім, руханият және мәдениет салаларына қатысты мәселелер айтылды. Көтерілген мәселелердің бірқатарын жазып, назарға алдық.