Құрылтай сайлауы: ОСК 71 мыңнан астам комиссия мүшесін оқытты

  • 7
  • 21.08.2026, 19:34

Өңірлердегі аумақтық сайлау комиссиялары Құрылтай депутаттары сайлауын өткізуге дайын. Олардың 71 мыңнан астам мүшесі оқытылып, тиісті сертификатын алған.

Ал саяси науқан басталғалы Орталық сайлау комиссиясына 203 өтініш келіп түскен, оның 129-ы тиісті заңнаманы түсіндіруге, 62-сі сайлау процесін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты. Бұл туралы комиссияның отырысында айтылды. Ал ертең, яғни 22-ші тамыз - тыныштық күні. Бұл күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеу енгізілген. 

Ләззат Сүйіндік, ҚР ОСК мүшесі:

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньнің фото және бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады. Бұл ретте сайлаушының сайлау учаскесінде фотоға түсу құқығына шектеу қойылмайды. Сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде де фотоға түсуге болады.