Туған елден жырақта жүрсе де, ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмаған отандастарымыз Түркияда да өз таңдауын жасап жатыр. Бұл елде төрт сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Түркияда дауыс беру барысы қалай жүріп жатыр?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Әдетте Түркияда жексенбі тым-тырыс өтеді. Еліміздегі Құрылтай сайлауына байланысты Анкарадағы елшілік маңайы құдды мерекеге ұласқандай. Кей отандастарымыз қазақы нақыштағы киіммен келіп, саяси науқанның сәнін келтірді. Жалпы Түркияның Анкара, Ыстамбұл, Анталия және Измир қалаларында 2 мыңға жуық отандасымыздың дауыс беруіне жағдай жасалған. Ал мына мен тұрған Анкарадағы №450 учаскеде 600-ден астам азамат дауыс беру құқығына ие. Олар маңызды науқаннан шет қалмай, учаскеге ағыла келіп жатыр. Ал елшілік қызметкерлері мерейлі күнге ерекше әзірлік жасапты. Бір шаңырақ астына жиналған отандастырымыз бір үйдің баласындай ұлттық дәмнен ауыз тиіп, қазақтың ән мен күйі қалықтаған мерекелік концертті тамашалады.
Айдана Алтаева, Қазақстан азаматы:
- Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін, қазақстандықтар үшін ерекше күн деп білемін. Елден жырақта жүрсек те, шетелде жүрсек те, өзіміздің ұлттық киімімізді киіп, сайлауға арнайы дауыс беруге келіп тұрмыз. Осы орайда елшілік қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі сайлаудан бөлек, ұлттық тағамдар таратылып жатыр, мерекелік іс-шара өткізіліп жатыр. Керемет көңіл күйдеміз.
Осылайша Түркияда жүрген қазақстандықтар елдегі маңызды саяси науқанға өз үндерін қосып жатыр. Анкара, Ыстамбұл, Анталия және Измирдегі сайлау учаскелері жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді