Саяси науқанда ерекше кейіпкерлер дауыс берді. Мәселен, олардың арасында «Тұран» жолбарысы да бар. Атап айтқанда, Алматыда Жолбарыс киімін киген қала тұрғыны Жетісу ауданындағы сайлау учаскелерінің біріне барып, дауыс берді. Осылайша ол тұрғындардың қызығушылығын тудырып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жергілікті халық онымен естелікке суретке түсіп, видеоға түсірген.
Ал Астанада сайлау учаскесіне келген ерекше жұп назарға ілікті. Үй киімін киген бойжеткен дауыс беруге адамға ұқсас роботпен бірге келген. Ол құжаттары тексерілгеннен кейін өз таңдауын жасады. Ал робот сайлау учаскесінде бойжеткенмен бірге жүріп, таңғы дауыс берудің ерекше мейманына айналды.
Атырауда спортшы Ерсейіт Бралин жаңа күштік деңгейін көрсетті. Бұл жолы ол сайлау учаскесінің алдына жүк көлігін сүйреп барған. Ерекше көрсетілімінен кейін дауыс берді. Саяси науқан күніндегі бастамалар мұнымен аяқталған жоқ. Рекордшы өз қолымен арматураны майыстырып, одан сайлау күніне орай «23» санын жасаған.