Қайық, «Наруто» және бүркіт: Қазақстандағы сайлаудың ерекше сәттері

  • 6
  • 23.08.2026, 20:07

Қазақстандықтар дауыс беру күні креативтен қалыс қалмады. Жамбыл облысындағы сайлау учаскелерінде ұлттық ойындар ойнатылып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылса, Түркістан тұрғындары дауыс беруге қайықпен барған. Ал Қарағандыда бүркіт кейпіндегі азамат та көпшіліктің назарын аударды. 

Ұлттық киімдегі бұл өнерпаздар – ардагер ұстаздар. Олар таңсәріден 10-ға жуық учаскені аралап, дауыс беруге келген тұрғындардың көңілін көтеріп жүр. Шашу шашып, ән салған әжелер: «Бұл күн көпшіліктің есінде мереке боп қалуы тиіс», - дейді.

Саяси науқаннан түрлі мамандық иелері де қалыс қалмады. Соладың бірі - Умаровтар әулеті. Отбасы мүшелерінің медицинадағы жалпы еңбек өтілі – 188 жыл. Ал Ниязбековтер отбасы өздері тіркелген учаскеге ән шашуын тарту етті. Өнерлі отбасы бұған дейін де саяси науқаннан қалыс қалған емес.

Бекболат Ниязбеков, қала тұрғыны:

- Болашағымыздың өркендеп өсуіне жарқын жол салуына өте маңызды. Сондықтан әрбір қазақ кеп дауыс беруі өте маңызды деп ойлаймын. Сондықтан біз отбасымызбен келіп қалауымызды жасап, өз таңдауымызды жасап жатырмыз.

Қарағандылық әжелер дауыс беруге ерекше кейіпте келді. №100 сайлау учаскесінде болған кейуаналар «Наруто» аниме кейіпкерлерінің киімін киіп келген. Бұл әрекетімен әжелер жұрттың назарын бірден аударды. Олар дауыс беріп, сайлау учаскесінен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ Құрылтай сайлауы барысында бүркіт пен үкі костюмын киген аниматорлар ерекше белсенділік танытты. Олар сайлау учаскелерін аралап, тұрғындармен суретке түсіп, мерекелік атмосфера қалыптастырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кейіпкерлер кездейсоқ таңдалмаған. Үкі – даналықтың, ал бүркіт – күштің, еркіндіктің және биік мақсаттарға ұмтылыстың символы. 

Жұмагүл Жолдыбаева, №7 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Ерекше күн болды. Себебі біздің учаскеге бүркіт және үкі кейіпкерлеріміз келді. Бақылаушы, сайлаушылар, комиссия мүшелерін қуантып, біраз көңіл күйімізді көтеріп, сондай бір ерекше атмосфера сыйлады. 

Егіздер өз таңдауын жасады 

Ал Ақтауда тұратын егіздер Төребек пен Жолдасбек Төлепбергенұлы №66 сайлау учаскесіне зайыбымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Қызығы ағайындылардың әйелдері де егіздер. Сыңарлар осындай өз дауысын беру арқылы ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлесін қосуды ұйғарған.

Төребек Төлепбергенұлы, қала тұрғыны:

- Өзімнің таңдауымды бердім. Қазақстан Республикасының болашағына деген үмітім зор. Осындай Құрылтай мемлекетімізге керек болып жүр еді. 

Сайлаушылар дауыс беруге қайықпен барды 

Түркістанда Құрылтай сайлауына қатысудың ерекше көрінісі тіркелді. «Керуен сарай» кешенінде орналасқан сайлау учаскесіне дауыс берушілер қайықпен барып, өз таңдауын жасады.

Мерей Бает, Елдар Байділдә