Құрылтай сайлауы: 9 миллионнан астам сайлаушы дауыс берді

  • 5
  • 23.08.2026, 20:11

Елдегі сайлау учаскелері өз жұмыстарын тәмамдады. Енді сайлаушылардың дауысын санау басталады.

Досжан Ысқақ, тілші:

- Сағат 18:00-дегі мәліметке сәйкес, сайлаушылардың 72 пайызы дауыс берді. Бұл 9 095 298 сайлаушы. Түркістан облысындағы сайлаушылардың 90 пайыздан астамы, Жетісу облысындағы сайлаушылардың 89 пайыздан астамы дауыс берген. Ал соңғы қорытынды сандар сағат 20:30-дағы брифингте айтылады. Осыған дейін сағат 19:00-де Сыртқы істер министрлігінің өкілі шет елдерде орналасқан сайлау учаскелеріндегі жағдайды баяндап, брифинг берген. Жалпы бұл саяси науқанда 61 шет мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылды. Олардың басым бөлігі әлі де сайлаушыларды қабылдап жатыр. Тек 11 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталған. Сағат 19:00-дегі дерек бойынша шет елдердегі сайлау учаскелерінде 6007 адам дауыс беріпті. Уақыт белдеулерінің айырмашылығына байланысты әлемде ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы сайлау учаскесі жабылады.

Естеріңізге сала кетейік, сайлау бюллетенінде жеті саяси партияның атауы көрсетілген. Жалпы партиялар 545 кандидат ұсынды. Ал бірпалаталы парламент — Құрылтайдың құрамында 145 депутат болады.