Әмірліктегі қазақстандықтар Құрылтай сайлауында белсенділік танытты

  • 4
  • 23.08.2026, 20:04

Араб Әмірліктеріндегі отандастарымыз саяси науқаннан тыс қалып жатқан жоқ. Онда екі дауыс беру учаскесі ашылды. Бірі Әбу Даби, екіншісі Дубайда. Әмірліктегі қазақ азаматтарының белсенділігі қандай?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Ел тарихындағы аса маңызды науқан жергілікті уақыт бойынша 7, ал Астана уақытымен 8-де басталды. Содан бері дауыс беру тоқтаусыз жүріп жатыр. Араб сахарасына тән аптапқа қарамастан, белсенділік жоғары. Әсіресе жастарды жиі кездестірдік. Жергілікті жоғары оқу орнында білім алатын біздің студенттердің саны 2 мыңнан асады. Олардың бір бөлігі Президент тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасының арқасында білім алып жатқан, Жаңа Қазақстанға қызмет ететін жалынды жастар. Кәсіппен айналысып жүрген отандастарымыз тағы бар. Жалпы осында жүрген кез келген қазақстандық ресми тіркеуде болмаса да дауыс беруге құқылы.

Бауыржан Өтешов, дауыс беруші:

- Сайлау жалпы маңызды ғой. Әрбір азамат болашағы үшін, арттағы бала-шағасының болашағын көргісі келсе, келіп, сайлауға қатысқан дұрыс деп санаймын.

Әмірліктер – Таяу Шығысқа сапарлайтын қазақстандық туристер арасында ең танымал бағыт. Күніне жүздеп, тіпті мыңдап келеді. Кейбірі кейін уақытша жұмысқа орналасып, қалып қояды. Сондықтан дауыс беру науқаны екі әмірлікте қатар басталып, әлі де жалғасып жатыр. Шамамен бір сағаттан кейін толықтай аяқталады.